АҚШ бастаған Батыс елдері мен Ресей, Сүрия, Иран арасы қарулы қақтығысқа соға жаздап тұр. Бұл қазіргі әлемдік ақпарат кеңістігінің жиі талқылайтын тақырыбына айналды. Қазіргі Сүрия жағдайы сірә қандай күйде? Кім кімнің жақтасы? Соғыстың туылуы мүмкін бе? Кім – ақ, кім – қара? Осы мәселелерге жауап іздеп көрелік.
Сүриядағы шиеленістің жай-жапсары
Сүриядағы химиялық шабуыл туралы елдегі оппазициялық топтардың мәліметінен кейін, АҚШ президенті өзінің Твиттер парақшасында Сүрия режиміне қарсы соғыс ашу қауіпі туралы мәлімдеген болатын. Ресей Сүрияға бағытталған барлық зымырандарға қарсы тұратынын мәлімдегеннен кейін де, АҚШ президенті алған бетінен қайтқан жоқ. Бұл жағдай Сүрияда ауқымды соғыс қауіпін өршіте түсті. Сүрия СІМ басшысы болса АҚШ-ты «Дамаск режиміне шабуыл жасау үшін сылтау іздеп, жалған ақпарат таратты» деп айыптады.
Естеріңізде болса, Сүриядағы Дума ауданында 7 сәуірде болған химиялық шабуылда 40 адам қаза тауып, 100-ден аса адам уланған болатын. Осыдан кейін Трамп әлеуметтік желі парақшасында, Сүрия президентін «адам емес» деп айыптады. Ол және: «Бұл улы газ шабуылы көптеген әйелдер мен балалардың өліміне әкеліп соқты», «Президент Путин, Ресей мен Иран Асад сынды хайуанды қолдап отыр. (Олар) ауыр шығынды төлеуі керек», – деп жазған еді.
Ресейдің жоғары лауазымдыларының берген қатқыл рекциясынан кейін, Трамп тағы Твиттер парақшасына: «... Онда Ресей дұрыстап дайындалсын. Олар (зымырандар) көп ұзамай ұшып жетеді... Сендер улы газ қолданатын жануарды қолдамауларың керек еді», – деді.
Осымен бір уақытта, АҚШ теңіз күштеріне қарасты, зымыран шабуылшы кемесі Жер-орта теңізіне қарай жүзді. Оған қоса ЕО-ның Әуе бағдарламаларын бақылау агенттігі әуе компанияларына алдағы бірнеше күнде Шығыс Жер-орта теңізінде ұшудың қауіпі туралы ескерту жасады.
АҚШ Сүрияға шабуыл жасаса Ресей қарсы тұра ма?
Британияның Сириядағы бұрынғы елшісі Питер Форд BBC-ге берген сұхбатында, Сүриядағы қазіргі жағдайдың шынында қиындай түскенін растап, сәл ғана абайсыздықтар дүние елдерінің арасындағы соғысқа апарып соғуы мүмкін екенін айтқан. Дегенмен, Фордтың ойынша, Ресей армиясы Сүрияға ауқымды орналасқан, әуе қорғаныс күштеріде бар. Сондықтан, зымыран шабуылына олардың қарсы жауап беруі бек мүмкін. Әрі, Ресейдің Сүриядағы соғыс ұшақтары Жер-Орта теңізіндегі АҚШ кемелерін электронды орын белгілеу жүйесімен анықтап отырады.
Ал, Ресейдің Ливандағы бұрынғы елшісі Захипкин бұл туралы пікір білдіріп: «АҚШ Сүрияға қарсы агрессивті әрекетке баратын болса, Ресей шын мәнісінде зымырандар мен ұшыру алаңдарына қарсы соғыс ашуы мүмкін», – деді.
Батыс елдері қай жақта?
Трамптың қатаң сөзінен кейін, Ақ үйдің жасаған мәлімдемесінде, «барлық жолдарды қарастырып жатыр» делінеді. Бұл келісімнен көрі, күш қолдануға дайындалып жатқан адамның сөзіне көбірек ұқсайды.
Франция мен Германия басшылары болса, Құрама Штатпен ынтымақтасуға келісім беріп, аталған екі елдің де Сүрияға қарсы шабуылға дайындалып жатқанын жеткізді. Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдемесінде: «Франция, Германия және АҚШ алдағы бірнеше күнде қалай әрекет ететінін шешетін болады», – деді. Ол Сүрияның химиялық шабуыл қуатының анық тұрақтандырылғанын кесетіп айтты.
Думадағы химиялық шабуылдан кейін, 9 сәуірде Сүрия режиміне қарасыты әскери базаға шабуыл жасалды. Сүрия тарабы алғашында шабуылды АҚШ-тан көрген болатын. Кейін, бұл шабуыл Израиль соғыс ұшақтары тарабынан жасалғаны анықталды. Шабуылдан қаза болған 9 адамның басым көбі Башар Асад режимін қолдаушы иарндықтар екені мәлім болған.
Ресей мен Сүрия Израильді шабуыл үшін айыптаған еді. Алайда, Тель-Авив тарабы бұған жауап беруден бас тартты. Тек, Израиль лауазымдыларының бірі Искак Йосеф (Yitzchak Yosef): «Израиль зұлымдыққа қарсы әрекет етуге мәжбүр болды», – деді. Оның айтуынша Израильдің айыптауға жауап бермеуге құқығы бар әрі Сүрияның зұлымдығын тоқтату үшін бар күшін салмақ екен. Ол сөзінде: «Мен айттым ғой, қайталап айту керек пе?! Сүрия режимі әйелдер мен балаларға қарсы жаппай қырып-жоятын қару қолданды», – деді.
«The Times» басылымының хабарына қарағанда Британияның премьер-министрі Тереза Мэй Трампқа химиялық шабуыл туралы тағы бір рет анықтау туралы кеңес берген. Хабарға қарағанда Британия тарабы да Құрама Штат жағында Сүрияға шабуыл жасауға дайындалуда. Бірақ, Тереза Мэйдің ресми өкілі бұл хабарды теріске шығарды.
Химиялық шабуыл және әскери араласу
2013 жылы Дамаск қаласының шығысында болған химиялық шабуылдан көптеген адам қаза тапты. БҰҰ-ның Химиялық қаруды зерттеу тобының растауы бойынша, Сүрия үкіметіне қарасты күштердің бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық шабуыл жасағаны туралы «сенімді әрі нақты дәлелдер» бар.
Сол тұста АҚШ президенті Барак Обама химиялық шабуылды Сүрияға әскери араласудағы қызыл сызық ретінде пайдаланды. Бірақ, Ресей қатарлы елдердің күшті қарсылығы мен наразылығынан кейін, АҚШ тарабы әскери операция жоспарын кейінге қалдырып, «Химиялық соғыстан бейбітшілікке оралу» деп аталатын жоспарды іске асыра бастады. Яғни, Ресейдің кепілдігімен Сүрия үкіметі барлық химиялық қаруды жоятын болып келіскен.
Ал, бұл реткі химиялық шабуылдан кейін, Кремьл АҚШ пен оның одақтастарына әскери шабуыл аймақтағы тұрақсыздыққа алып келетінін алға тарта отырып, Сүрияға қарсы әскери әрекет жасамау туралы ескертті. Сейсенбі күні кеште, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сүриядағы әскери қақтығыстың алдын алу туралы кеңес өткізді. Алайда, Ресей мен Батыс елдері келісімге келе алмады.
«Guardian» басылымының сарапшысы Бомонт сейсенбі күнгі мақаласында, Сүриядағы қазіргідей қауіпті жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің рөлі зор екенін, алайда, Қауіпсіздік кеңестің АҚШ пен Ресей арасындағы вето тетіктерін жиі қолдануы себебінен әлсіреп кеткенін айтты. Осындайда имидж үшін жасалса да «Астана процесінің» керек екенін айтуға болады.
Түйіні қиын түйткілдер шешім таптырмайды
Сонымен Сүрия мәселесі күрделі қайшылықтың соңғы деңгейіне жетті. Қазіргі әлемдік ақпарат кеңістігінде тараған хабарлармен Сүрия жағдайын анық-анық сөздермен бағалайтын болсақ – Башар Асад режимі улы газбен халқын қырып жатыр екен де, Ресей «жауыз» режимді қолдап, қасарысып отыр екен. Ал, оның жанында Иран сынды сенімді серігі мен Ердоған сынды тұрақсыздау жақтаушысы бар болмақ. Сонда, қатал режимге қарсы АҚШ бастаған, Израиль қостаған Батыс елдері «әділет үшін күресушілер» екен. Бірақ, түйткілді нәрсе көп...
Түйткілді мәселенің бірі – Трамп шешімі. Ол бірде Сүрияда қарулы күштерін ұстау АҚШ үшін ауыр шығын болғандықтан, бұл елді тастап кететінін мәлімдейді. Ал, артынша зымыранмен шабуылдап, Сүрияға әскери араласуын жасамақ болады.
Тағы бірі – Израиль. Израильдің химиялық шабуылдан кейін Сүрияға бағыттаған шабуылы сол елдегі Иран күштеріне қаратылған. Демек, Тель-Авивтің мақсаты Иранның ықпалын әлсіретуге бағытталған. Себебі, Иранның Сүриядағы ықпалы барған сайын артып, Израильге қарай жақындап келеді.
Көлеңкелі мәселенің бірі – Путин жоспары. Ресей президентіннің Сүриядағы нақты мақсаты анық емес. Жалпы Ресейдің Жер-Орта теңізі жағалауындағы амбициясы қандай және әскери араласуының қызыл сызығы неде деген сұраққа жауап табу қиын.
Бір елдің өз қауіпсіздігін нығайтуы басқа елдердің де қарсы әрекетін күшейтеді. Бұл айналып келіп күш қолдану, әскери араласу істерінің мүмкіндігін арттырады. Міне осының бәрі Таяу-Шығыстың қазіргі жағдайын қиындата түсті. Бірінші дүние жүзілік соғытан бері қарай болып өткен барлық үлкенді-кішілі соғыстардың бір-бірімен сабақтастығы бар. Корей түбегіндегі соғыс, Израиль-Палестина қақтығысы, Мальвиндегі соғыс осының бәрі тегіннен тегін емес. Шырма-шату араласып, көже-қойыртпақтанған әлемдік қақтығыс тарихы біз секілді бейтарап кеңістіктің өзін ақпарат пен түсініктен шатыстырып, көзқарас жағынан жарылып жатамыз. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Ең кемінде көзқарас тұрғысынан кімге қолдаушы болуға болады? Бұның өзі үлкен мәселеге айналған. Әлемнің тыныштығы, адамзаттың бейбіт қоғамы тұрғысынан біз соғыстың өзіне жау, бүлдірушіге қарсы болуға ғана тиіспіз.