Түркіменстанда 2017 жылы егіннің нашар шығуы салдарынан ұн тапшылығы мен азық-түлік дағдарысы халықты әбігерге салды. Билік болса үндеместен есепті қайта қарауда, ал халық таңғы сағат алтыдан кезекке тұрып, ұн мен жарты келі қант алудан үмітті.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, ең қажетті азық-түліктің тапшы болуы 2017 жылдың күзінде басталған. Тіпті дүкен сөрелерінен біресе ұн, біресе нан, қант немесе күнбағыс майын табу қиындай түскен. Бастапқыда азық-түлік жетіспеушілігі елді мекендерде байқала бастаған. Кейіннен азық-түлік дағдарысы ірі қалаларға да жеткен.
Ал осы жылдың ақпан айының соңынан бастап Түркіменстанның солтүстігінде орналасқан Дашогуз облысында бір адамға айына тек 5 келі ұн сатыла бастады. Алайда сол ұнды сатуда отбасындағы тек үлкен адамдар ғана есепке алынған. Ал балаларға қанша келі ұн сатылатыны туралы норма қарастырылмаған.
Иіс шыққан ұн
Тіпті жаргілікті БАҚ ақпаратына қарағанда, елде осыдан он жыл бұрынғы, яғни 2008 жылы өндіріліп мерзімі өтіп, иістеніп кеткен ұн сатылып жатқан көрінеді. Ең қиыны осындай мерзімі өткен 5 келі ұн сатып алу үшін де 5 түрлі мекемеден құжаттар пакетін жинау керек, ал содан кейін шамамен 15-20 күн кезекте тұруға тура келеді. Ұн сатып алуға жиналған құжаттар арасында электр энергиясы мен газға қарызы жоқ екені туралы анықтама болу керек.
Ал басқа аудандарда әзірге мұндай қатаң шара қолданыла қоймаған. Отбасындағы адамдар есепке алынбастан, бір айға бір мөшек ұн беріліп жатыр. Алайда бұл үшін ұн сатып алатын адам жергілікті әкімшіліктен сол ауданның тұрғыны екені туралы анықтама алуы керек. Егер сатып алушы тұрғылықты жерде тіркелмесе немесе басқа қалада тұратын болса оған не нан, не ұн сатылмайды.
Тапшылық ел астанасында да байқала бастады
Түркіменстан астанасы Ашхабадқа ұн тапшылығы соңғы болып байқалды. Ал бұдан бұрын ақпан айында азық-түлік сатып алу кезінде шектеулер қойыла бастаған, яғни сатылған ұн көлемі 5 келіден, қант 1 келіден асқан жоқ. Наурыз айында бұл шектеу мүлдем төмендеп, 1 кг ұн мен 0,5 кг қантқа дейін түсті. Азық-түлікті осылай шектеп таратқан күннің өзінде, дүкендердегі қор 1-2 сағатқа жеткен.
Сондай-ақ, елде ұн мен қанттан бөлек, күнбағыс майына да сұраныс жоғары болып тұр. Әсіресе "Ахал" деп аталатын күнбағыс майына сұраныс көп, оның бағасы шамамен 5 манат тұрады. Алайда өнімнің бұл түрі де жеткіліксіз болғандықтан әр адамға 2 литрдан артық бермейтін көріндеді. Сатып алушылар енді 1,4 манатқа арзан тұратын отандық "Акпамык" күнбағыс майын сатып алуға мәжбүр, ал оның сапасы әлдеқайда төмен. Дереккөздердің мәліметінше, аталған азақ-түліктің жетіспеуіне байланысты да кезек көбейген.
Мәліметтерге қарағанда отандық ұн бағасы 80 пайызға немесе 3 манатқа дейін қымбаттаған. Алайда отандық ұнды дүкен сөрелерінен табу қиын, ал қазақстандық ұн 4,8 манаттан сатылуда. Мұның қанша теңге екенін айту қиын. Себебі елде 1 доллар шамамен 3,5 манатты құрайды.
Елдегі қиындықтардың басты үш себебі
Қазіргі кезде Түркіменстан қиын кезеңде тұр деуге болады. Елдегі азық-түлік дағдарысының басты себебі - бидай тапшылығы. Себебі 2017 жылы елде 1,6 млн тонна егін жиналу қажет болаған, алайда оның тек 1 миллионы ғана жиналған. Егіннің нашар болуына байланысты вице-премьер мен 5 облыс әкімшілігінің басшылары сөгіс алған. Артынша елде тапшылық пайда бола бастады. Алайда тапшылық пайда бола бастағаннан-ақ, оның алдын алу үшін жарты жыл ішінде ешбір әрекет жасалмаған сияқты.
Екінші себеп - Түркіменстандағы күнкөріс деңгейінің тым төмен болуы. Себебі халықтың көпшілігі кейбір азық-түлікке қаражаты жетпегендіктен тек ұн өнімдерімен тамақтануға мәжбүр. Жергілікті басылымдардың ақпаратынша, егер азықтың басқа түріне қаржы жеткен жағдайда, ұн тапшылығы мұншалықты қатты байқалмаған болар еді. Оның үстіне түркімендердің көбінде коммерциялық дүкендерден ұн сатып алуға жағдайы келмейді.
Үшінші себеп - бизнесмендердің қолында шетелден ұн немесе бидай сатып алу үшін басқа валюта түрлерінің болмауы. Бұл елдегі экономикалық жағдайдың ауыр екенін және бюрократиялық схеманың сауда жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік бермейтінін көрсетіп отыр.
Не десек те Түркіменстан бұл жағдайдан ши шығармауға тырысуда. Билік қол астындағы БАҚ нан мен ұн толып тұрған сөрелерді көрсетіп бағуда. Бұл үйреншікті әдетке айналған. Алайда сырт көзге оның бәрі "көзбояушылық" екені анық байқалады.