Жұмыстан тыс ересек адамдардың көбі уақытын тиімді пайдалануға, пошталарын тексеруге, есепшоттарын төлеуге, азық-түлік сатып алуға және т.б. істерін бітіруге тырысады. Бірақ адамның өзіне арнайтын уақыты негізгі жұмысы мен осы шаруалардан артыла ма?
Осы орайда Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы 38 елдің адамдарының өмірінде жұмыс пен жеке өмірі арасында баланс сақталған-сақталмағандығын зерттеді.
Осы айда жарияланған ақпарат халықтардың жұмыс кестесі мен өздеріне, жеке шаруаларына және демалуына қалатын уақытын салыстырады.
Достармен кездесу, хобби, компьютер мен теледидар көру демалысқа жатса, тамақтану мен ұйықтау жеке шаруаларға жатқызылды.
ЭЫДҰ ақпаратынша, қызметкерлердің 13%-ы мөлшерден тыс ұзақ жұмыс істейді. Ал күні бойы жұмыс істейтіндер өздеріне 15 сағат бөле алады екен.
Оларға ЭЫДҰ мүшелері (35 ел) және Ресей, Бразилия және ОАР жатады.
Голландиялықтар мен даниялықтар бірінші орында тұр. Нидерландия азаматтары жұмыс-өмір балансын сақтауда басқа ел азаматтарын артта қалдырды. Мұндағы еңбекке қабілетті халықтың тек 0,5 %-ы ғана аптасына 50 және одан көп сағат жұмыс істейді екен, ал қызметкерлер күніне 15,9 сағат уақытын өздеріне арнай алады екен.
ЭЫДҰ мәліметінше, елдегі қызметкерлердің арасында әйелдердің саны (69.9%) ерлерге қарағанда (57.5%) көп.
Ал Данияда ата-аналар өздерінің жұмысы мен отбасылық өміріндегі балансты сақтау үшін жанұяларға қаржылық және тәжірибелік қолдау көрсетіледі. Сол себепті де олар тізімде екінші орналасқан.
1998 жылы үкімет "FlexJob" жобасын енгізді. Бұл жоба физикалық мүмкіндіктері шектелген жандардың жұмыс уақытын икемді етуге және оларға жұмыс табуға көмектесті. Сонымен қатар осы жоба шеңберінде қызметкерлерге демалыстан бас тартып, жұмысын бітіріп тастауға немесе жеңілірек жұмыс алуға болады.
Тізімнің ең соңында Түркия жайғасты. Түркиядағы халықтың 33,8%-ы аптасына мөлшерден тым көп жұмыс істейді екен. Ұйқыға, тамақтануға және жеке шаруаларына жалпы 12,6 сағат қана уақыт қалады. Халықтың көпшілігі өздері әрең тапқан жұмыстарынан айрылғысы келмейді. Себебі, ЭЫДҰ мәліметінше, Елдегі жұмыс күші мен еңбек нарығының көлемі өте үлкен екеніне қарамастан, Түркия жұмыспен қамту деңгейі бойынша ұйымға мүше елдер арасында ең төмен көрсеткішке ие.