Былтырдан бері әлемді дүрбелеңге салған коронавирус Қытайдың Ухан қаласында алғаш белгілі болды. Соған байланысты кейбір елдерде «Ухан вирусы» делінсе, кейбір елдерде «Қытай вирусы» деп аталды. Дегенмен, аталған вирус Қытайың Юннан (Юньнань) провинциясынан Ухан қаласына барған болуы мүмкін деген болжамдар да бар. Бірақ Қытай билігі вирустың ошағын анықтауға түрлі кедергілер жасап келеді.
Қытайдың оңтүстік-батысындағы үстіртті провинциясы Юннанда тіршілік ететін жарғанаттар коронавирустың жүздеген түрін өзімен алып жүретіні және олардың кейбірі адамға жұғуы мүмкін екені бұған дейін де айтылып келген. Бұл аймақта жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижесі күтпеген жерден аса сезімтал тақырыпқа айналып шыға келді. Юннаннан алынған вирус үлгілері Ухандағы зерттеу орталықтарынан болжаусыз тарап кеткен болуы мүмкін деген болжамды Қытай билігі бар күшін салып терістеп бағуда.
Ең қызығы, Ухандағы өмір бұрынғы қалпына келе салысымен, Қытай билігі «коронавирустың ошағы мүлде Қытайда емес» деген теорияны таратуға күш салды. Мұндай терорияны таратуға тырысқан билік өзіндегі Юннан мен Уханда тәуелсіз зерттеу жүргізуге қайдан ғана келісім бере қойсын. Ғылыми зерттеу тобын былай қойғанда шетелдік журналистердің де жүріс-тұрысы қытайлық құқық қорғаушылар жағынан қатаң бақылауға алынған. Бұл туралы Би-Би-Си журналистері талай реткі хабарларында айтқан болатын.
Соған қарамастан, ДДСҰ халықаралық зерттеу тобын Қытайға жіберуде. Олар қаңтардың бас шенінде Уханға барып Covid-19 індетіне себеп болған вирустың қайдан пайда болғанын зерттеп көрмек. Бұған дейінгі зерттеу қорытындыларының көбі дерлік, аталмыш вирус жарғанаттан келді дегенге келіседі. Былай қарағанда, вирустың арнайы зертханадан немесе тікелей жануардан адамға жұғуы әбден заңды да, бұл адамдардың жабайы табиғатқа деген орынсыз килігіуінен болары да дау тудырмайды. Осы арада Қытайдың вирустың пайда болуына қатысты деректерді барынша жасырып бағуы жұртшылықтың күдігін күшейте түседі.
Әрине, Қытай өз ішінде вирус туралы жетерлік зерттеді. Коронавирустың шығу тегі мен оның таралуы туралы біз бен әлемге беймәлім толып жатқан ақпараттардың бар екені сөзсіз. Десе де сыртқы әлем жаһанды дүрліктірген вирус жайында әлі де көп нәрсені білмейтіндей. Бұл болашақтағы әлемнің қауіпсіздігі үшін үрей жаратуда. Қытай коронавирусқа қатысты зерттеулерде ашық болмай жатқаны белгілі, дегенмен, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы зерттеудің ашық әрі тиянақты жүргізілетінін айтуда.