Осыған дейін түрлі терең зерттеулерімен танылған Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) «Пандора құжаттары» (The Pandora Papers) деп аталатын кезекті зерттеуінде «Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі Әсел Құрманбаева офшордағы құпия келісімнен 30 млн доллар пайда көргенін» мәлімдеді. Бұған Назарбаевтың ықыласы ауған, жақын тұтатын екі олигархтың қатысы бары айтылады. Азаттық радиосының зерттеу жайлы жарияланым нұсқасын ұсынамыз.
3 қазанда дүниежүзіндегі түрлі офшордағы құпия келісімдер мен жасырын байлықтарды көрсететін тағы бір құжаттар легі әшкере болды. Оларға «Пандора құжаттары» деген атау беріп үлгерді. 11,9 млн файлдан тұратын бұл құжаттар Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумына тиген. Көптеген олигархтар байлығын жасыратын құпия компанияларды ашумен айналысатын 14 фирмадан алынған құжаттарды 150 басылымның 600-ден астам журналисі екі жыл бойы зерттеп-зерделеген.
Vlast басылымының хабарлауынша, жаңа құжаттар легінде Paradise papers («Жұмақ аралдарының құжаттары»), Панама құжаттары секілді алдыңғы зерттеулерде аты аталған адамдар да, бұрын-соңды жария болмағандар да кездеседі.
«Әсел Құрманбаева мен «Ұлт лидері» (бұл атақ Назарбаевқа заңмен өмір бойына берілген, бұл статустың арқасында ол және оның жақындар сотқа тартылмайды) арасындағы қарым-қатынасты ешқашан растамаған я жоққа да шығармаған. Бірақ оның тоқал не бейресми әйел ретіндегі рөлі туралы қауесет 1999 жылы ол «Мисс Қазақстан» сұлулық байқауын жеңіп алған соң тарай бастаған. Оның екі ұлының жаңалық сайттарында жарияланған паспорт суреттерінде фамилиясы Нұрсұлтанұлы деп жазылған. Қазақстанда фамилия орнына әкесінің атын жазу жиі кездеседі» делінген зерттеуде.
OCCRP дерегінше, Құрманбаева Қазақстанда екі мемлекеттік би институтында көркемдік жетекші қызметін атқарады, балет пен ұлттық би саласында бірнеше фирма мен қорға иелік етеді.
«Бірақ мәдениет саласынан қандай табыс алмасын, ол табыс Назарбаевтың айналасынан алған байлықтың қасында түк емес» дейді зерттеушілер.
Әшкере болған құжаттарға қарағанда, Құрманбаевада Ұлыбританияның Виргин аралдарында тіркелген құпия компаниясы болған. Компанияда ешқандай белсенділік байқалмаған. Соған қарамастан ол осы компанияны 30 миллион долларға сата білген.
OCCRP бұл келісімге Назарбаевтың сенімді серіктері саналған олигархтар Владимир Ни мен Владимир Кимнің қатысы бар дейді. Зерттеушілердің жазуынша, Құрманбаева ақшаны 2010 жылы Владимир Нидің өлімінен екі ай өткенде алған. Ақша Нидің қызына өткен компаниядан түскен, ал Владимир Ким төлемнің куәсі болған.
OCCRP тілшілері осы мәселе жөнінде Назарбаевқа, Кимге, Нидің отбасына және Құрманбаеваға сауал жолдаған. Олардың ешқайсысы жауап бермеген.
Бұған дейінгі офшор зерттеулерінде Назарбаевтың туыстары мен қатарында үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев, күйеу баласы Тимур Құлыбаев, немересі інісі Қайрат Сатыбалды және өзге бірнеше белгілі шенеунік-олигархтар аталған.
«Пандора құжаттарында» Иордания королінің, Украина, Әзербайжан және Қазақстан президенттерінің, Чехия премьер-министрі және Ұлыбританияның экс-премьерінің, Ресей министрінің, сондай-ақ жүзден аса миллиардердің құпия әрекеттері әшкереленген.
«Пандора құжаттары» бүкіл әлемді дүрліктірген «Панама құжаттарынан» кейін бес жылдан соң жарыққа шығып отыр.