Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық іс-қимыл бюросы өкілдері Энергетика министрлігінің бірнеше лауазымды тұлғасын ұстады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Анықталғандай, ұсталған энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков пен "Аймақ" ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Дуанбек Д. бірігіп, Щучинск-Бурабай курорт аймағындағы көлді тазалауға бөлінген аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырған.
"Жемқорлық ісіне Энергетика министрлігінің департамент басшысы Нұрбеков Ж. мен мердігер компания өкілдері Жұмалинов С., Қадырберлин Б. қатысқан. Сәдібеков қол қойған жалған актілер бойынша Энергетика министрлігі 2017 жылы 3,6 миллиард теңге төлеген. Осы сомадан 1 миллиард теңгеден аса қаражат қолма-қол төлемге айналған және жымқырылған", - деп мәлімдеді бюро өкілі.
Бұдан бөлек, көлді тазалау үшін 2018 жылға бөлінген 1,5 млрд теңге де жымқырылған.
"Сәдібеков, Нұрбеков, Дуанбек, Жұмалинов және Қадырберлин ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталған", - деді бюро өкілі.