Кеше АҚШ Вирджиния штатының Федералдық прокуратурасы «Шешенстанға заңсыз қару-жарақ жеткізген» деген айыппен екі адамды қамауға алғанын мәлімдеді. Олардың бірі 27 жастағы қазақстандық Эльдар Резванов және 28 жастағы Теңгиз Сыдықов атты қырғызстандық азамат. Сыдықов тергеу ісі аяқталғанша бостандыққа жіберілген. Ал, қазақстандық күдікті әлі де қамауда отыр. Бұл туралы "Азаттық" және BBC онлайн қызметі хабарлады.
Аталған істі Вирджиниядағы Александрия қаласының соты қарап жатыр. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің тергеушісі Майкл Гручаш тергеу мәліметтерін жариялаған. Бұл мәліметтерде тергеуге алынған екі азамат өздерімен сыбайлас тағы бірнеше адамның бар екенін мойындаған. Олар шетелдік банктер арқылы АҚШ-қа ақша жөнелтеді, ал тергеуге алынған екі азамат бұл ақшаны қару-жарақ сатып алуға жұмсаған. Гручаштың тергеу тобы бірқатар айыптарды алға тартты.
Тергеушілер басында тұтқынға түскен қазақстандық азамат Эльдар Резвановтың ұлтын қырғыз деп көрсеткен, бірақ Гручаштың соңғы мәліметінде оның қазақ екені айтылды. Эльдар Резванов пен Теңгиз Сыдықов 2016 жылдың 6-7 желтоқсан күндері Қырғызстаннан Ресейге зат жөткеген. Бұл заттарды "асхана бұйымдары" және "резеңке лайнер" деп көрсетеді. Алайда, Құрама Штат тергеушілері бұл заттардың қару-жарақ болуы мүмкін деп отыр.
Тергеуде мәлім болғанындай, Теңгиз Сыдықов 2017 жылдың 12 ақпанда Вирджиния штатында FN Herstal үлгісіндегі екі тапанша сатып алады. 10 мамыр күні 24 дана "Bullets-17" қаруын, 19 дана Gen 3 тапаншасын алған. Ал, 5 қазанда Desert Eagle 357" тапаншасын сатып алған. Ол Қырғызстанға 15 маусымда ұшып келеді де, 1 шілдеде АҚШ-қа қайтып барған. Тергеушілер бұл сапарына да үлкен күдік артып отыр.
Теңгизге қару сатып берген қару-жарақ дүкені «Gun Dude» атты дүкеннің администрациясы оның құралды қандай мақсатта пайдаланатынын білгісі келген. Себебі, бір жолы Теңгиз 64 "Голк" тапаншасын сатып алған. Ол Вирджинияда күзет компаниясының бар екенін айтқан, шын мәнісінде ешқандай күзет компаниясы болмаған.
Гручаштың тергеу материалдарындағы ақпаратқа қарағанда, Теңгиздің мініп жүрген «Мерседес» автокөлігінде соттың рұқсаты берліген радиомаяг және жасырын навигатор болған. Ол және Вирджиния штатында Дамир Мур деген жалған атты пайдаланған. Ал, Эльдар Резванов болса Антон Ишутин деген есімді пайдаланған. Олар қару-жарақтың бөлшектерін пошта арқылы жөнелтіп отырған. Поштамен де салмақты жәшіктерді тезден жөнелтіп тұруға келісім жасасқан. Бұл жәшіктердің біріне: «Грозный қаласы, Билсан Мажиевке» деп жазылған. Ал жолдаушы адамның аты Даяна Светова деп көрсетілген. Бірақ ондағы жолдаушы және тапсырып алушы адамдардың есімдері жалған екені анықталған.
Пошта арқылы жіберілген бір жәшікті ашып көрген тергеушілер, онда басқа заттарға араластырып салынған қару-жарақтың бөлшектерін тауып алған. Бұл заттарда Эльдар Резвановтың саусақ бедері болғаны расталды. Олар мұндай жолмен көп мөлшерде заттар жіберіп тұрған.
BBC тілшілері Теңгиз Сыдықовтың анасымен сұхбат өткізген. Басылымның мәліметінше, оның анасы Замира Сыдықова Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі қызметін атқарған, қазір «Республика» басылымының жетекшісі. "Замира Сыдықова баласының кінәсіз екеніне сенімді. Тек, Эльдар Резвановпен бір пәтерде тұрған және байланыс жасаған адам болғаны үшін тұтқындалған болуы мүмкін деп қарайды. Әрі Құрама Штат заңы мен соты баласының құқығын бұзбайды деген үмітте", - деп жазылған ақпаратта.