БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Шығыс Гутада 30 күн бойы оқ атыспау туралы резолюциясын қабылдағанына қарамастан Сүрия әуе күштері аймақты бомбалауын тоқтатпай отыр. Тіпті Қауіпсіздік кеңесінің қаулысы қабылдана салып бірнеше сағаттан кейін, Сүрия режиміне қарасты әуе күштері Шығыс Гутада әуе операциясын жасады. Бір аптадан бергі әуе шабуылдарынан жүздеген тұрғын қаза тапты.
BBC-дің мәліметіне қарағанда Германия мен Франция жексенбі күні Ресейге ұсыныс жасап, Башар Асад билігін шабуылды тоқтатуға көндіріп, БҰҰ қаулысын орындауға шақырды. Қауіпсіздік кеңес бұл резолюцияны Шығыс Гута тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберіп, бейбіт тұрғындарды аймақтан эвакуациялау үшін жасаған болатын. Дегенмен, бұл қаулыға ірі экстремистік топтарға қарсы жүріп жатқан әскери операциялар қамтылмайды.
Батыс БАҚ өкілдері, Сүриядағы ақпарат көздерінің мәліметіне сүйене отырып, әуе шабуылы арасында химиялық қару да қолданылған болуы мүмкін деп болжайды. АҚШ пен Сүрия бірлескен медициналық көмек қызметкерлері газбен уланған 16 адамның емдеу орталығына түскенін, олардың арасында әйелдер мен балалар да бар екенін мәлімдеген. Бұған ұқсас мәліметті Адам құқықтарын қорғау ұйымы да беріп отыр.
Бұған дейін Шығыс Гута қақтығыссыз аймақтар қатарына болып келген. Тіпті, Шығыс Гутада қақтығысты болдырмау шартына Сүриядағы тараптармен бірге, Ресей, Иран және Түркия елдері де қол қойған болатын. Бірақ бұл келісім Шығыс Гутаға тыныштық әкелген жоқ. Былтыр жыл соңынан бастап оппозициялық күштердің үкіметке қарсы шабуылдары жиілей түсті. Соңында Башар Асад билігі әуе операцияларын ашып, аймақты бомбаның астынан алды.
Жексенбі күнгі әуе шабуылы ең сұрапыл болып, бомбалау күні бойы жалғасқан. Бір күннің өзінде қаша адамның мерт кеткені анық емес. Анклавтың солтүстік батысында көтерілісшілер мен режим күштері арасында қақтығыс болған. Дегенмен, үкімет күштері қалаға кіре алмаған, анклав әлі де көтерілісшілердің бақылауында тұр.