Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоу Унның (Kim Jong Un/Ким Чен Ын) қарындасы Ким Ио Жоң ( Kim Yo Jong) Оңтүстік Кореяға 65 жылдан кейін алғаш рет барған Ким әулетінің өкілі болып тарихта қалды. Сарапшылар Солтүстік Корея қысқы Олимпиада ойындарын дипломатиялық дағдарыстан шығудың құралы ретінде пайдаланып отыр, осы орайда Оңтүстік Кореямен болған мәмілесін жақсартуға тырысып отыр деп қарайды. Айталық, Пиоңяң (Pyongyang/Пхеньян) Пиоңчаң (Pyongchang/Пхеньчан) олимпиадасына жап-жас Ким Ио Жоңды жіберу арқылы жұрт назарын өзіне аударды.

Ким Ио Жоң деген кім? Солтүстік Кореяда оның ықпалы қандай?

Ким  Ио Жоңның саяси карьерасы 2014 жылы биікке көтерілді. Ол қазір Солтүстік Кореяда Ким Жоң Уннан кейін ең ықпалды адам саналады. Былтыр ол КХДР жетекші партиясы Еңбекшілер партиясының саяси бюросының тұрақты мүшесінің бірі болып тағайындалды. 2015 жылдан бері Орталық комитеттің Үгіт-насихат бөлімінің жетекшісі болып келеді. 31 жастағы Ким Ио Жоң адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар деген күдікпен АҚШ-тың санкциялар тізіміне енген.

Ол Ким Жоң Ирдың кенже қызы, Ким Жоу Уннан төрт жасқа кіші. Жоғары оқу орынын ағасына ұқсас Швейцариядан оқыған. 2015 жылы Ким Ио Жоңның тұрмысқа шыққаны мәлім болған. Оның күйеуі ықпалды саясаткерлердің бірі, Еңбекшілер партиясының хатшысы Чой Иоң Сүннің ұлы Чой Сон. Чой Иоң Сүн болса 2013 жылы Қытай басшысы Ши Жинпиң мен Бейжіңде кездесті, былтыр Оңтүстік Корея мен Ресейге сапарлай барған.

Ким Ио Жоңға бұл сапарда қандай міндет жүктелді?

Шын мәнінде Ким Ио Жоңның Оңтүстік Кореяға баруы үлкен жаңалық болды. Алғашқы мәліметтерде Солтүстік Корея делегациясының құрамында оның болатыны туралы айтылғанымен, АҚШ санкциясына ілінген бұл әйел саясаткердің Оңтүстік Кореяға келе қоятынына ешкім де сенген жоқ. Дегенмен, қарындасын Оңтүстік Кореяға жібергені Ким Жоу Унның түстік корей жұртымен қарым-қатынасты шындап реттеуге кіріскен екен деген болжамға жол ашты. Ким Жоу Ун үшін қарындасы оның ең жақын әрі саясаттағы сенімді серігі. Сондықтан да Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайнге құпия түрде Ким Жоу Унның ауызекі сәлемін де ала келген болуы мүмкін.

Пиоңчаң олимпиадасына КХДР-ның жоғары дәрежелі делегациясымен бірге 22 спортшысы, 140 өнерпазы келді. Дабыралы бас қосулар кезінде Ким Жоу Унның қандай ауызекі сәлемі Мүн Жайның құлағына жетті, оны тап басып айту қазірге мүмкін болмай отыр. Дегенмен, Оңтүстік-Солтүстік Кореяның алдағы қимыл-әрекеттерінен оны да шамалап болжауға болады.

Айта кетейік, осыған дейін Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізудің бірден бір шарты  – КХДР-ның ядролық бағдарламасынан бас тартуы деп тұрған АҚШ-тың да позициясы өзгере бастады. Олар «келіссөз үшін келіссөз» жүргізуге дайын екенін жеткізді. Яғни, алғашқы кезеңдегі келіссөздер үшін ядролық қарудан бас тарту талабын қоймайтынын да білдіріп отыр. Бұл Корей түбегіндегі ауқымды өзгерістердің қазіргі сипаты болып отыр.

“The Qazaq Times”