Бүгін, 4 қазан күні Солтүстік Корея билігі өзінің ресми ақпарат агенттігі KCNA арқылы хабарлама таратып, Оңтүстік Кореямен арадағы сенім телефонын қайта қосатынын мәлімдеді және Сеул билігін қарым-қатынасты қалпына келтіруге күш салуға шақырған.
Өткен аптада Солтүстік Кореяның ең жоғары жетекшісі Ким Жоң Ун үзіліп қалған сенім телефоны арқылы Оңтүстік Кореямен диалогты қайта жалғауға дайын екенін білдірген болатын. Екі ай бұрын КХДР Оңтүстік Корея мен АҚШ біріккен армиясының ортақ әскери оқу-жаттығуларына наразылығын білдіріп аталған сенім телефонын жауып тастаған болатын.
KCNA хабарында Солтүстік Кореяның сенім телефонын дүйсенбінің таңында, сағат 09:00-ден бастап қосатыны айтылған. Сондай-ақ, Сеулден шекаралық қақтығыстарды жеңілдетудегі «тапсырмаларын» орындауды талап еткен, алайда оның қандай тапсырмалар екенін ашық айтпаған.
Аталған сенім телефоны Оңтүстк-Солтүстік Корея арасындағы бірден бір ресми байланыс каналы ретінде белгілі. Тамыздың бас шенінде сенім телефоны үзілгеннен кейін Корей түбегіндегі шиеленіс ушыға түскен. Солтүстік Корея қауіпсіздік дағдарысы туралы ескерту жасады және төрт бірдей зымыран сынағын өткізіп үлгерді.
Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары сол елдегі үздіксіз жетілдіріліп жатқан ядролы қару тасымалдауға қабілетті құрлықаралық баллистикалық зымыран қуатын әйгіледі. Оның үстіне бұл Корей Халықтық Демократиялық Республикасын ядролық қарудан бас тарқызу үшін салынған санкциялар мен келіссөздердің де белгілі деңгейде тығырыққа тірелгенін байқатты.
Орыстар Ким Чен Ын деп атап жүрген КХДР жетекшісі өз мәлімдемесінде оңтүстік көршілерін «Солтүстік Кореяның әскери арандатушылығы» дейтін «иллюзиясынан» арылуға да шақырған.