Солтүстік Корея билігі Оңтүстік Кореяның соғыстың аяқталғанын ресми түрде жариялап, бейбіт келісімге келу туралы шақыруына жауап берді. Елдің ең жоғары лидері Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын) қарындасы Ким Йо Жоң (Ким Йо Чжон) жауабында Оңтүстік Корея «дұшпандық» саясатын тоқтатса сөйлесулерді қайта бастауға дайын екенін айтқан.
Корей түбегіндегі соғыс 1953 жылы тоқтаған, бірақ біржола бейбітшілік келісім емес, елдесу талабымен тоқтаған болатын. Содан бері Корей түбегі соғыс күйінде тұрды. Арасында шиеленістер, қарулы құқай көрсету де, келіссөз бен өзара жоғары деңгейдегі алмасулар да болып тұрған.
Өткен аптада Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайн Корей түбегінде бейбітшілік орнату үшін солтүстік көршісін мен оның басты қолдаушысы саналатын Қытайды және өзінің одақтасы АҚШ-ты келісімге шақырған болатын.
Оңтүстік Корея ақпарат құралдарының жазуынша, оңтүстіктің бейбітшілікке шақыруын бастапта Солтүстік Кореяның жоғары жетекшілері «тым ерте» деп тойтармақ болған, кейіннен елдегі билік әулетінің өкілі Ким Йо Жоң «қызығарлық» жаңалық деп қабылдаған. Бірақ, ол «Оңтүстік дұшпандық саясатын тоқтатқанда ғана, солтүстіктің ұсынысты талқылауға даяр» деп ескерткен.
«Біз екіжүзді мәмілелерді, логикаға сыймайтын көзқарастарды, жаман әдеттерді және өз әрекетімізді ақтау үшін қастық мәмілені, сондай-ақ өзімізді қорғау құқығымызды бұзуды тастауымыз керек», – деген мәлімдемеде. Соған қоса: «Бұған дейін қойылған шарттар орындалғанда ғана бетпе-бет отырып, соғыстың аяқталғанын жариялауға болады», – деген.
Соғыс күйіндегі екі Корея бір-бірін әскери әрекеттерімен жиі сынап келеді. Қыркүйектің бас шенінде Солтүстік Корея қанатты зымыран сынағын өткізді, оған жауап ретінде Оңтүстік Корея сүңгуір кемеден атылатын баллистикалық зымыранын сәтті сынады. Екі ел де бір бірінің әскери жаттығуларын, зымыран сынақтарын айыптайды.
Бебіт келісім үшін оңтүстік солтүстіктің ядролық қаруын жоюын талап етіп келсе, солтүстік күйретуші экономикалық санкцияларды алып тастауды талап етіп келеді.


















Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы
Конституция тағы өзгермек: реформа ма, әлде билікті қайта құрастыру ма?
АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Атыраудағы жұмбақ жоғалу мен адам өлімі: із-түзсіз артылған отбасы, полиция тергеуі және қоғам реакциясы
Айзат Жұманованың өлімі: бүгін үкім оқылды, айыпталушы 14 жылға сотталды
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді