2018 жылы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында бизнесті дамыту және қолдауға 38,8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
"2018 жылы "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында 38,8 млрд теңге бөлу қарастырылған. Субсидия, кредитке кепілдік беру және мемлекеттік гранттарды беруге 30 млрд теңге бөлінеді. Бұдан басқа жаңа жобаларда бизнес сұранысын қанағаттандыру үшін министрлік 10 өңір бойынша 12,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім дайындады", - деді Сүлейменов бүгін үкімет отырысында.
Министрліктің есебінше, Ақмола облысының бизнесмендері осы жылы 1,8 млрд теңге, Ақтөбе облысы - 1,3 млрд теңге, Атырау - 589 млн теңге, Жамбыл облысы - 1,2 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысы - 1,3 млрд теңге, Қарағанды - 1 млрд теңге, Маңғыстау облысы - 854 млн теңге, Павлодар облысы - 1 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан - 1,4 млрд теңге, Оңтүстік Қазақстан облысы - 1,5 млрд теңге алады.
Сондай-ақ, Сүлейменов бұқаралық кәсіпкерліктің бағдарламасын жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлер тап болған проблемаларды атап өтті.
"Бағдарламаның бұдан бұрынғы шарттарына сәйкес, бюджеттік несие есебінен жылжымайтын мүлік және коммерциялық емес мақсатта жерді сатып алуға тыйым салынған. (...)Енді олар жылжымайтын мүлікті және жерді коммерциялық емес мақсатта сатып алу құқығына бір жылда міндеті түрде өзгерту шартымен ие бола алады. Егер шарт орындалмаған жағдайда қаржы микроқаржы ұйымдары мен банктер тарапынан өтеледі. Қабылданған өзгерістер бағдарламаға өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", - деді министр.