Қазақстанда мұғалім мамандығын таңдаған абитуриенттердің педагогика мамандығына деген қабілетін тексеру туралы ұсыныс жасалды. Мұндай шара жөнінде «Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 174 қаулысына өзгеріс енгізу туралы жобасында айтылды. Құжат "Ашық НҚА" сайтында жарияланды.

Құжаттың 13 пунктінде: "Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша білім беру ұйымдарына оқуға түсетін тұлғалар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары өткізетін арнаулы емтихан және бейіндік пән бойынша емтихан тапсырады", - делінген.

Сондай-ақ, аталған қаулы жобасында айтылғандай, педагогикалық және медициналық мамандықтарға түсушілер үшін арнаулы емтихан «өтті» немесе «өтпеді» деген нысанда бағаланады. Арнаулы және шығармашылық емтиханның нәтижелері емтихан өткізілетін күні жарияланады.

Айта кетейік, 2017 жылдың ақпанында Парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлнар Иксанова педагогикалық жоғары оқу орындары мектеп бітірген үздік түлектерді таңдамайтынын, мұның салдарынан әлсіз мұғалімдер шығатынын, ал төмен жалақы талантты жастардың бұл салаға келуіне кедергі келтіретінін айтқан. Оның сөзінше, 2015 жылы 2000 "Алтын белгі" иегерінің тек 148-і ғана білім беруге қатысты мамандықты таңдаған.

Ал қыркүйек айында Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев "талапкерлер педагогикалық мамандықты "түсу жеңіл" деген принциппен  таңдайды" деп пікір білдірген. Өйткені басқа мамандықтарға қарағанда педагогика саласында өту балы айтарлықтай төмен.

 “The Qazaq Times”