Қазақстанда ұстаздар жетіспеушілігі жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникация брифингінде білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.

Вице-министр: «Қазіргі таңда аймақтарда есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар біліктілікті арттыру жұмыстарыда жолға қойылған. Сондықтан да ұстаздар туралы сұрақ жоқ десем де болады. Бүгінде біздің негізі сұрақ мультимедиялық қондырғылардың бағдарламалары арқылы оқушыларды, ұстаздарды, директорларды даярлау» деп өз пікірін білдірді.

Алайда, аз айлықпен қыруар жұмыс атқарып жатқан ұстаздардың шағымы әр кезеңде де төбе көрсетіп тұратындығы жасырын емес. Себебі қағазбен соғыстың соңына жете алмай келе жатқан мұғалімдердің жұмысы күн сайын артпаса, азаяр емес.

Десе де, осыдан біраз уақыт бұрын президент Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында ұстаздарды есіне алып: «Жергілікті жерлерде мұғалімдерге кез келген жұмыс тапсырылады. Мұғалімдер сайлау өткізеді. Насихат жұмыстарын да ұстаздар жүргізеді. Бірнәрсе қажет болса, мұғалімдер жіберіледі. Ол үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Бұл жұмыстардан ұстаздарды босату керек. Олар сабаққа дайындалу тиіс. Уақытында ғана жұмыс істеуі қажет. Тіпті оларды орынсыз тексере береді. Аталған заң осы үшін қажет», - деп педагогтардың мәртебесін көтеруге қатысты заң қабылдау қажет деп мәлімдеді.

Президенттің бұл мәлімдемесінен кейін ұстаздар қауымы бір серпіліп қалды. Өздерінің бұл мемлекетке әлі де болса керек екенін сезінген мұғалымдер көңілінде сенім оты тұтанғаны жасырын емес. Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері білім саласының реформадан көз ашпай келе жатқанын ескерсек, олардың бұл сенімі бекер екенін түсінесің. Себебі алдыңғы білім министрлері сияқты қазіргі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те реформа жасауда алдына жан салмауда. Мұғалімдердің білімі мен қағазбасты жұмыс кестесін былай қойғанда, ҰБТ заңдылықтарының өзі осы уақытқа дейін сан мәрте өзгерді. Президенттің соңғы жасаған жолдауына қарап, бұл өзгертулер алдағы уақытта тоқтамайтын тәрізді. Сағадиев бастаған «реформатор саңылақтар» білім саласына әлі талай «ноухау жаңалықтар» алып келетіні белгілі. «Білім саласы» деп аталатын «Сағадиев сынақ алаңы» аман болса, ұстаздар мен оқушылар еш уақытта «реформаланудан» тыс талмайтыны анық...

"The Qazaq Times"