Францияның порттық қаласы Каледе ауғандықтар мен эритреялықтар арасында орын алған жаппай төбелес кезінде кемінде бес мигрантқа оқ тиіп, жараланған. AFP ақпараттық агенттігі 16-18 жастағы төрт эритреялық азаматтың ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Тағы он үш адам темір сырықтардан жараланғаны белгілі болды. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды. 

Оқиғаның қандай себептен өрбігені әлі белгісіз. Екі ұлт өкілдерінің арасындағы қақтығыс мигранттардың тамақ алуға ұзын-соңар кезекте тұрған кезінде, түскі уақытта басталған. Екі сағатқа созылған төбелес ауған азаматының оқ атуынан басталған деген ақпарат бар. Текетіреске 200 эритреялық пен 30 ауған азаматы қатысқан. Көп ұзамай темір сырықтармен қаруланған Эритрея мигранттары қолдарына таяқ алған ауған жастарымен өндіріс аймағында кездесіп, қоян-қолтық төбелес басталған.

Францияның Ішкі істер министрі Жерард Коломб Калеге арнайы келіп, қақтығыстың алаңдаушылық тудыратын мәселе екенін атап өтті. Ресми биліктің айтуынша, Кале қаласында 550-600 мигрант бар. Ал үкіметтік емес қайырымдылық ұйымдары олардың саны 800-ге жуық деп көрсетеді. Африка мен Ауғанстаннан келген мигранттардың көздеген нысаны - Ұлыбритания. Мигранттардың басым бөлігі - жастар.

 “The Qazaq Times”