Ресейдің су асты соғыстарына арнап жасаған жаңа техникасы өз нәтижесін көрсетіп, АҚШ-Ресей арасында Жерорта теңізінде жасырынбақ ойыны қайта басталды. Бұл туралы танымал «WSJ» басылымы тексеріп-зерттеген еді.
2017 жылы мамырдың соңында, Ресейдің «Краснодар» (Krasnodar) атты сүңгуір кемесі Либианың (Ливия) теңіз жағалауынан Жерорта теңізіне сүңгіп із-түссіз ғайып болды. Көп өтпей тура осы сүңгуір кемеден Сүрияға бірнеше зымырандар атылды. Осы оқиғадан кейін іле-шала АҚШ-тың «Буш» авиаматкасы (USS George H.W. Bush/ ұшақ тасымалдаушы кеме) Ресейдің су түбіне жасырынған сырлы кемесін іздей бастады. Бұл алып әскери техникада «Теңіз бүркіті» атты бірнеше MH-60R тікұшағы және P-8 Poseidon атты су үсті барлаушы ұшақтар болып АҚШ-тың Италиядағы әскери базасынан теңізге шыққан.
Ресейлік «Краснодар» сүңгуір кемесі қара теңізге жеткеннен кейін, АҚШ және оның одақтас елдерінің теңіз әскери күштері оның соңынан қалмай ілесіп отырды. Бұл АҚШ-тың Қырғи-қабақ соғысынан кейін алғаш рет ресейлік су асты кемесінің ізіне түсуі. Оның үстіне «Краснодар»-дан зымыран шабуылының жасалуы қалыпты теңіз барлау операциясын күрделендіріп жіберді. Осыдан кейінгі бірнеше аптада екі елдің әскери кемелері жасырынбақ ойнап жүрді. Десе де ресейлік «Краснодар» сүңгуір кемесі ырықтылығын көрсетіп, сан рет көз жаздырып кетіп жүрді. АҚШ пен оның одақтас елдерінің жаңа ғасырдағы су үсті әскери техникалары «Краснодар»-ға қарсы сынақтан өтті.
Кеңес одағы ыдырауымен Ресейдің теңіз қорғаныс саласы әлсіреді. Алайда, қазір ойламаған жерде тараптардың Қырғи-қабақ соғыс жылдарындағыдай теңіздегі теке-тіресі басталып кетті. Бұған дейін су асты кемелерін дыбыс арқылы радар мен тауып алатын еді. Ресей қорғаныс күштерінің айтуынша «Краснодар» әлемдегі ең «дыбыссыз сүңгуір кеме». Себебі кеменің сыртқы қабаты дыбыс таратпайтын материалмен қапталған. Бұл оның өзге шарлаушы кемелерден жасырынуына үлкен мүмкіндік береді.
АҚШ және оның одақтас елдері бұл техниканы «қара үңгір» деп атаған. АҚШ Теңіз күштерінің 22-ші шабуылшы флотының полковнигі Бенжамин Николсонның (Benjamin Nicholson) айтуынша, сүңгуір кеменің дыбысы қаншалықты әлсіз болса, оның су асты операциясын жүргізу мүмкіндігі соншалықты жоғары болады. Десе де де бұл оны табу мүлде мүмкін емес деген сөз емес. Тек дыбысы әлсіз су асты соғыс кемелерін табу қиынға соғады.
Соңғы екі жылда Мәскеу Башар Асадты қолдауды сылтау етіп, өзінің әскери теңіз, құрлық, әуе күштерін, зымырандарын сынақтан өткізіп үлгерді. Бұл қадамы НАТО елдерін алаңдатпай қоймайды. Николсон сөзінде: «Әскери оқу-жаттығулардың деңгейі қаншалықты биік өреде болсын, шынайы соғыстарда сынақтан өткенге жете бермейді. Ресей нақты соғыстарда өздерінің әскери күштерін сынақтан өткізіп отыр», – деді.
1991 жылы Кеңес одағы ыдырағаннан кейін, Мәскеу су асты әскери әрекеттерін азайтты. 2000 жылғы ядролық су асты кемесі «Курск»-тың суға батып, 118 жауынгердің қаза болуы ресейлік теңіз күштеріне үлкен соққы болды. Сондай-ақ бұл Ресей теңіз қорғаныс саласының құлдырауын айғақтады. 2011 жылы Ресей қорғаныс саласын толықтай жаңарту бағдарламасын қабылдап, су асты соғысына арналған ең жаңа әрі озық сүңгуір кеме жасауды қолға алды. «Краснодар» 2015 жылы Петерборда жасалып болып, Ресей өзінің теңіз қорғаныс саласындағы жетістігін әлемге паш еткен.
Былтыр 30 шілдеде «Краснодар» су бетіне шығып, Сүрияның «Tartus» жағалауында келіп тоқтады. Осыдан кейін АҚШ пен Ресей арасындағы екі айға жалғасқан жасырынбақ ойыны соңына шықты. Дегенмен, «Краснодар» Ресей теңіз қорғанысының қазіргі қуатынан хабар беріп қалмастан, өзге елдердің кемелерінен именбей, жасырын шабуыл жасай алатынын да, халықаралық құқықтарды белден баста алатынын да байқатты.