Қытай алдағы айда төрт теңізде бір уақытта ауқымды әскери оқу-жаттығу өткізетінін мәлімдеді. Бұл АҚШ-Қытай арасында теңіз әскери қайшылығы күшейгеннен бері Қытай тарабы қабылдаған ең ірі әскери әрекет. Қытай Халық-азаттық армиясының теңіз әскери жаттығуы Бохай, Хуаньхай, Оңтүстік қытай теңізі және Шығыс қытай теңізі сынды өз территориясына шектесетін төрт теңізде өтпек.
Қытайдың кезекті әскери әрекеті
Өткен жексенбіде Қытайдың жергілікті теңіз қауіпсіздік бюролары бір уақытта теңіздегі әскери қимылдар туралы мәлімдеме таратты.
Таңшан Теңіз қауіпсіздік бюросы 24-30 тамыз аралығында Бохай теңізіндегі әскери жаттығуларда шынайы оқтарды пайдаланбақ.
Оңтүстік қытай теңізі қауіпсіздік басқармасы 24-29 тамыр азалығында әскери жаттығуларды Хайнань аралының оңтүстік-шығысында өткізбек.
Гуаңдуң (Гуандун) Теңіз қауіпсіздік басқармасы Оңтүстік қытай теңізі мен Шығыс қытай теңізі арасында Тайуан бұғазына жақын аралдарда әскери іс-қимылдар алып бармақ.
АҚШ-Қытай теңіз қайшылығы
Естеріңізде болса, 15 шілдеде Құрама Штаттар Қытайдың Оңтүстік қытай теңізіне қатысты бірқатар егемендік позициясына қарсы екенін ресми түрде мәлімдеді. Былайша айтқанда, Бейжіңнің Оңтүстік қытай теңізінің басым көп аумағын бақылауына алуға деген ұмтылысына ресми түрде қарсы шықты. Осыдан кейін АҚШ Әскери-теңіз күштері Оңтүстік қытай теңізіндегі, Тайуан бұғазындағы және оған жақын теңіз айдындарындағы әскери әрекеттерін күшейтті.
Бір айдан астам уақыттан бері, Қытай АҚШ-тың әскери қысымын төмендету үшін барлық амалдарды жасап көрді. Біріншіден, ресми мәлімдемелерін жұмсартып «АҚШ-қа тікелей қарсыласпаймыз», «Бірінші болып оқ атпаймыз» деген «жұмсақ лебіздерін» білдірді. Екіншіден, Оңтүстік-Шығыс Азия қауымдастығының беделді дипломаттарын Қытайдың ұстанымын қолдауға шақырды және Құрама Штатқа көлденең тартқысы келді. Бірақ, бұл құлшыныстарынан қандай да бір өнім болмағаны туралы Гонконг басылымдары жазып жатты.
Бейжің АСЕАН дипломаттарын да өздеріне тартып, Оңтүстік қытай теңізіндегі дау-дамай жөніндегі келіссөз үстеліген АҚШ-ты шығарып тастауды үміт еткен. Қытай АСЕАН елдерімен аталған теңіздегі дау-шарларды түбегейлі шешуге ынталы екенін де білдірген. Шыны керек, Қытай АСЕАН елдерімен көп жылдардан бері экономикалық ынтымақтастық келіссөздерінен көрі, дау-шарларды талқылауға арналған келіссөздерді көбірек өткізіп келеді. Қытай Оңтүстік Қытай теңізінің барлық аумағына ие болғысы келеді. Бірақ Бруней, Малайзия, Филиппиндер, Вьетнам және басқа АСЕАН елдері бұған үзілді-кесілді қарсы.
Арта түскен қақтығыс қатері
АҚШ бұған дейін Оңтүстік қытай теңізіндегі территория дауларында бейтарап ұстанымда болды. Қытай мен аталған теңізге шектесетін өзге елдер арасындағы келіссөздің дамуын қолдап келді және Оңтүстік қытай теңізінің «Еркін, ашық, халықаралық су жолы» статусының сақталуын жақтаған. Қытайдың бұл аумақтағы территориялық құқығы туралы да теріске шығармады да, жақтамады. Ал, шілдедегі жаңа шешім бұлардың бәрін үзілді-кесілді өзгертті. Қытайдың өсіп келе жатқан әскери қатеріне қарсы Оңтүстік қытай теңізінді Қытай иелігі деп танудан бас тартты. Сонымен, АҚШ пен Қытай арасында болуы ықтимал теңіз соғысының қатері күшейді.
Жақында ғана Қытай Коммунистік партиясының ағылшын тіліндегі басылымы Global Daily Қытай-АҚШ қатынасының болашағы мен Оңтүстік қытай теңізі мәселесі бойынша пессимистік сарында шолу жариялады. Онда Қытай мен АҚШ-Тайуан енді бір-біріне мүлде сенуден қалғанын, ендігі қарым-қатынас тек қырағылық, сақтық және дұшпандық сипатқа өткенін жазған. Бұл шын мәнісінде ҚКП-ның АҚШ және Тайуанға қаратқан ұстанымы деуге де болады.