2018 жылғы 23 қаңтарда Амстердам қаласы Округтік соты Bank of New York Mellon банкінің кастодиалдық сақтауындағы Ұлттық қордың активтерінен шектеуді жою жөніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің өтінішхатын қанағаттандырды, деп хабарлайды ҚР Әділет министрлігің ресми сайты. 

"Сот Ұлттық банктің және процесте үшінші тарап ретінде қатысқан Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ұстанымын мойындап, Ұлттық қорға қол сұғылмайтындағын мәлімдеді", - делінген баспасөз хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, Нидерландының сот органдары бұдан бұрын Статиге дәл осы активтерге шектеу қоюдан бас тартқан болатын. Стати бұл фактілерді жасыра отырып, сотты жаңылыстырған.

Сонымен қатар, сот Статиге қазақстандық тарапқа сот шығындарын өтеуін ұйғарды.

Бельгияның сот органдары да осындай алдын ала шектеу қойды. Оған шағым жасау жөніндегі жұмыс белгіленген тәртіпте жалғастырылуда.

Айта кетейік, 2017 жылдың соңында  америкалық Bank of New York Mellon Қазақстан Ұлттық қорының 22 млрд долларына бұғат қойған еді. Банктің мұндай шешім қабылдауына молдовалық бизнесмен Анатолий Статидің Қазақстанға қатысты арызы себеп болған.

“The Qazaq Times”