Қазақстан Ұлттық қорының 22,6 миллиард доллар қаржысы бұғаттан шығарылған жоқ – деп хабарлайды Cision ақпарат көзі.
Ақпан айының 11-і күні Cision ақпарат көзіне Қазақстан Ұлттық қорының бұғатталған 22,6 миллиард доллар қаржысына байланысты молдавалық олигарх Анатолий Стати мен оның ұлы Габриэль пікір берген. Онда олар: «Қазақстан қаржысына Брюссельдің бірінші сатыдағы сотының шешімі бойынша бұғат салынды. Бұл шешім Брюссель соты аталмыш қылмыстық істі толықтай қарап шыққанша өз күшінде қалады. Қазақстан тарапының түрлі мәлімдемелері мен Амстердам сотының шығарған шешімі бұғаттың заңдық күшіне әсер етпейді» - деген.
Естеріңізге салайық, 2017 жылдың желтоқсан айында АҚШ-тың "Bank of New York Mellon" банкі сот шешімі бойынша Қазақстан Ұлттық қорына тиесілі 22,6 миллиард доллар қаржысын бұғаттаған. Кейіннен банк баспасөз қызметі Қазақстан қаржысының бұғатталуына молдавалық олигарх Анатолий Статидің арызы себеп болғанын мәлімдеген. Қаңтар айының ортасында Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа іс-сапарынан кейін, БАҚ беттерінде «Bank of New York Mellon» банкінденгі Ұлттық қор қаржысының бұғаттан шығарылғандығы жөнінде ақпарат тараған.