Қаңтар айының 18-і күні Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми іс-сапары аяқталды. Аталмыш сапар Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Назарбаевтың Уашингтонға жасаған жетінші іс-сапары болды. Бірақ оған қарамастан БАҚ өкілері мен әлеуметтік желі қолданушылары Назарбаев пен Трамп кездесуін қызу талқылады. Қазақстандық БАҚ-тан бөлек ресейлік БАҚ-та Уашингтондағы кездесуге әртүрлі болжамдар жасап, түрлі ойлар айтты. Осыған байланысты бүгін біз ресейлік журналистер мен саясаттанушылардың Назарбаев пен Трамп кездесуі жайында не жазып, не айтқанына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары басталмай жатып 15 қаңтар күні «Спутник» ақпарат агенттігі Ресей Федерадциясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың АҚШ пен Орталық Азия елдеріне жасаған ескертуін жариялады. Онда Лавров Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан мен АҚШ арасындағы «С5+1» форматындағы кездесу жайында айтқан. Аталмыш мәлімдемеде Ресей Сыртқы істер министрі: «Егер біздің америкалық әріптестеріміз біздің орта азиялық достарымызбен кездесуінде экономика емес геосаясат тұрғысында келіссөздер жүргізетін болса, онда олардың барлығы бұның жақсылыққа апармайтынын көретін болады» - деген. Сергей Лавровтың бұл сөздеріне әркім әрқалай баға берді. Бірақ қазақстандық БАҚ оған аса назар аударған жоқ. Бірді-екілі сайттар болмаса, жалпы алғанда Қазақстан ақпарат әлемі Назарбаевтың Трамппен кездесуін жаппай насихаттауға дайындық үстінде болды. Оның есесіне Ресей жорналшылары Лавров мәлімдемесінен кейін Ақорда мен Уашингтон арасындағы қарым-қатынасты қызу талқылауға кірісті.
«Новая газета» өзінің «Назарбаев может стать посредником в диалоге США с Россией» атты материалдында Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путиннің жақын досы екендігін алға тартып, «ресми Ақорда Мәскеу мен Уашингтон арасындағы текетіресте бітімгер рөлін ойнауы мүмкін» деген болжам жасаған. Бұдан бөлек мақала авторы ресейлік сарапшы Аркадий Дубновтың сөздерін мысалға келтіреді. Оның сөзінше, Назарбаевтың бұған дейінгі АҚШ-қа сапары және Ақ үй басшыларымен достық қарым-қатынас орнатуы оның имиджіне кері жағынан әсер еткен. Ол бұған дәлел ретінде «Қазақгейт» жемқорлық дауын келтіреді. Ал тағы бір ресейлік басылым «Коммерсант» газеті Назарбаевтың Трамппен кездесуіннен кейін Қазақстан АҚШ-қа түсті металл мен уран сатуда Ресейден озып кетуі мүмкін деген болжам жасайды. Олар бұған ЕАЭО комиссиясының статистикалық мәліметтерін мысалға келтіреді. Онда ЕАЭО бойынша, АҚШ-қа түсті металл экспорттауда Ресейдің басты бәсекелесі Қазақстан екендігі көрсетілген.
«Коммерсант» басылымы Қазақстанның ураны мен түсті металын түгендеп, Ресей қалып қоятын болды деп алаңдап жүрген уақытта «Ведомости» газеті Назарбаев пен Трамп қол қойған құжаттарды түгендеп шықты. Олар Қазақстанның Boeing 737 MAX 8 және Boeing 787 Dreamliners ұшақтарын сатып алған Орталық Азияға алғашқы мемлекет екендігін тілге тиек етеді. Ал «Взгляд» газеті Назарбаев пен Трамп кездесуінен кейін Қазақстан мен АҚШ арасындағы қорғаныс және аэроғарыш саласында әріптестік орнатуына баса назар аударған. Атап айтқанда олар Қазақстан нарығына АҚШ-тың Boeing сияқты компанияларының келуіне алаңдаушылық білдірген.
Жоғарыда аталған басылымдардың ішінде Назарбаев пен Трамп кездесуін талқылауда «Вести» газеті өзгелерден ерекше болды. Олар Ақорда мен Ақ үй қарым-қатынасын Қазақстанның латын әліпбиіне көшуімен байланыстырды. Мақала авторы сарапшы ретінде Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Константин Затулинді таңдаған. Затулиннің сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан билігі «Қазақстан ең бірінші қазақ ұлтының мемлекеті» деген саясат ұстануда. Осы мақсатта Ақорда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруде. Ал Трамптың Назарбаевпен кездесуінің артында АҚШ-тың Қазақстанды Ресейден алшақтату саясаты жатыр.