ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Алматы қалалық автобустарында заңсыз жұмыс істеп жүрген кондукторларға қатысты мәселені жеке өзі қадағалайтынын айтты. Министрдің сөзінше, бұл мәселе үкімет деңгейіне дейін көтерілген.
"Кондукторлардың еңбек келісімі - бұл бүгін үкімет отырысында қаралған мәселелердің бірі. Сауал жүргізу кезінде бұл тұлғалар нақты кондуктор болып жүмыс істейтіндерін, бірақ ақшаларын конвертте алатынын, ешқандай қаржы аударымдарын жасамайтындарын айтқан. Бұл мәселені мен өз бақылауыма аламын, бірақ кез келген ұйымды тексеру үшін азаматтардың өтініші керек", - деді Дүйсенова үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның сөзінше, еңбек инспекциясымен бірге жұмыс берушілерге "жеке еңбек келісімі жасалмаған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылатыны, тіпті қылмыстық іс қозғалатыны" туралы ескерту жасалу керек екен.
Министр түсіндіргендей, егер жұмыс беруші еңбек келісімін жасамаған болса, алдымен жұмысшыларын әлеуметтік кепілдіктен айырады. Яғни жұмысшы жұмыссыз қалса жұмыссыздығына қатысты берілетін жәрдемақыдан, ал әйел-кондукторлар болса декреттік төлемдерден айырылуы мүмкін.
"Осыған байланысты жұмыс беруші жұмысшылармен қалайда келісім жасап оларға жалақы төлеуі керек, ал егер олардың автобус пен трамвайдағы жұмысына қатысты басқаша ұсынысы болса оны түсіндіруі тиіс", - деді Дүйсенова.
Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы қаласы маслихатының депутаты Роза Бадаева қала автобустарындағы кондукторлардың дөрекілігімен қоса, автобус парктерінде "уақытша жұмыс іздеп жүрген кез келген адам жұмыс істейтіні" туралы айтқан. Оның сөзінше, кондукторлар жолаушыларға қызмет көрсетуге қатысты курстардан өтіп, заңды жұмысшы ретінде тіркелу керек.