Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұдан бұрынғы мөлшерлеме 10,25% деңгейінде болған. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Банк таратқан хабарламаға сәйкес, базалық мөлшерлемені төмендету туралы
шешім 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейінің болжанған
деңгеймен салыстырғанда айтарлықтай төмен нақты деңгейіне, инфляциялық
процестер одан әрі баяулайды деген бағаларға, ішкі сұраныстың әлсіз қалпына келуінің сақталуына, сондай-ақ сыртқы нарықтардағы үрдістердің қолайлы болуына байланысты қабылданған.
"Жылдық инфляция 2017 жылғы желтоқсанда 7,1% құрады, бұл біз күткен 7,5-7,7%-дан айтарлықтай төмен. Инфляцияның баяулауы жекелеген тауарлар мен қызметтер нарығындағы, атап айтқанда азық-түлікке жатпайтын тауарлар нарықтарындағы бағаларының тұрақтануына байланысты", - делінген баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, теңгенің айырбастау бағамының төмен құбылмалылығы да жылдық инфляцияның баяулауына ықпал еткен.
Бұдан бөлек, Қлттық банк халық арасында бағаның өсуіне қатысты сауал жүргізген. Сауалнама нәтижелері бойынша бағалар соңғы 12 айда бұрынғыға қарағанда жылдамырақ өсті деп санайтындардың үлесі 2016 жылғы желтоқсандағы 59,8%-дан 2017 жылғы желтоқсанда 52,1%-ға дейін төмендеген.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2018 жылғы 5 наурызда Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.