Молдовалық бизнесмен Анатолий Стати Қазақстаннан 167 млн доллар алып кеткен. Бұл қаражат елдің батысында газ өндіру зауытының құрылысына жұмсалуы тиіс болған. Бұл туралы ҚР әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, Стати Қазақстанда жұмыс істеп жүрген кезде облигацияларды орналастырған, ал алынған қаржы газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсалу керек болған.
"Бұл үшін ол неміс және ағылшын компаниясын жалдаған. Ағылшын компаниясының аты - Perkwood. Біз Англияның ресми дереккөздерінен ақпаратты сұрастырдық және қарадық. Білгеніміздей, бұл компания Статидің компаниясы атынан бірнеше он миллоон доллар қаржы алып отырған. Англияда нөлдік есеп тапсырған және бірнеше жыл жұмыс істеген. Содан біз Латвияға сауал жібердік. Бұл компанияның латвиялық банктегі шотына газ өңдеу зауытының құрылысы үшін ақша аударылған. Латвияның құқық қорғау органдарының жауабы бойынша банктегі шот Анатолий Статидің атындағы сенімхат арқылы ашылған", - деді Бекетаев.
Бірақ министрдің айтуынша, зауыт әлі жұмыс істемейді, тіпті салынбаған. Ал Статидің алаяқтығы жөніндегі дәлелін Қазақстан кешігіп алғандықтан оны Стокгольм соты қабылдамаған. 2013 жылы сот Қазақстанның Статиге 500 млн доллар төлейтіні туралы шешім шығарған.
"Арбитажды шешім алдын ала орындалу керек, кез келген елде ол заңды түрде мойындалуы тиіс. Стати бірінші кезекте мұны Ұлыбританияда жүзеге асырмақ болған. Ол Лондон сотынан бұған алдын ала бұғат қоюды және оны Англияда заңды түрде мойындауды сұраған. Алайда сот одан бас тартқан", - деді ведомство басшысы.
Әділет министрлігінің сөзіне қарағанда Стати АҚШ-қа да жүгінген. Алайда Қазақстан оның Лондондағы алаяқтығына қатысты қарсы талап арызын жолдаған. Тыңдаулар осы жылдың қазан айына жоспарланған.
Бекетаевтың сөзінше, АҚШ пен Англиядағы арбитажды шешімнің орындалуына қол жеткізе алмағандықтан Стати Швеция, Бельгия және Нидерланды сотына да шағым түсірген. Осы елдерде ол қаражатты алдын ала бұғаттауды бастаған. Бірақ қаражат мәселесі кезең кезеңімен шешілетін болады.
"Ол арбитажды шешімді заңды деп тануды сұрап отыр. Біз бұған Ұлыбританияда қалай қарсы болсақ, басқа елдерде де солай істейміз. Стати зауыт құрылысы үшін қаражат салмай, оны латвиялық банктегі шотына аударды. Арбитажды шешімдегі өтемақының бір бөлігі - газ өңдеу зауытының өтемақысы. Бұл шешімде салынып бітпеген зауыттың құны 230 млн долларға бағаланып отыр. Біздің мәлімет бойынша латвиялық банк сотына 167 млн доллар аударылған, яғни зауыт құны бұрмаланған. Біз осы фактілерге байланысты өзімізді қорғайтын боламыз. Стати зауыттың нақты құнын жасырған", - деді ол.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Америкалық Bank of New York Mellon сот ісіне байланысты Қазақстан Ұлттық қорының 22 млрд долларына бұғат қойған. Ұлттық қор қаржысының бұғатталуына молдовалық бизнесмен Анатолий Статидің арызы себеп. Себебі молдовалық миллионер Стати осыдан 4 жыл бұрын "Қазақстан Молдова инвестицияларына қатысты Энергетикалық Хартия туралы шартты бұзды" деп Қазақстаннан 500 млн доллар алмақ болған.