Иранның солтүстігіндегі Решт, батысындағы Керманшах қалаларында басталған Үкіметке қарсы наразылық шерулері, Исфахан, Хамадан сияқты шағын аймақтарда жалғасын тапты. Қоғамдық қарсылық шарасы бағалардың өсуін сынап, діни қызметкерлердің  билігін, сыртқы саясатқа есепсіз қаржы жұмсалуын айыптады. Бұл - Иранда 2009 жылы сайлау қорытындыларымен келіспеген халықтың қарсылық шеруінен кейін қайталанып отырған екінші наразылық акциясы.

ВВС тілшілері "Дін қызметкерлері өздерін Құдай сияқты ұстайтын болды" деген ұрандардың болғанын хабарлады. Рухани бағыттағы басшылардың әрекетін құптамайтындар діни қызметкерлердің ең көп бөлігі шоғырланған Кума қаласынан да табылды.

Халық саны жөнінен ең көп адамдар тобын жинаған наразылық шеруі Машад қаласында өтіп, онда 52 азамат тұтқындалған. Теһран қаласында да бірнеше адамның ұсталғаны белгілі болды. Ел астанасының қауіпсіздік қызметіне жауапты тұлға абақтыға жабылғандар орталық алаңға жиналған  шақты адамның арасында болғанын жариялады. Осыдан алдын Теһран қаласының басшысы полиция  басты алаңдағы халықтың кез келген шоғырын таратуға құқылы екенін ескерткен еді.

Наразылық шеруін ұйымдастырушылар халықты қарсылық акциясына әлеуметтік желілер арқылы шақырған. Facebook-те Керманшахтағы қауіпсіздік күштері мен бейбіт тұрғындардың қақтығысы көрсетілген бейнежазба жарияланды. Халықтық қарсылық бір аптаның ішінде жұмыртқа бағасы екі есе өскеннен кейін, мемлекет басшысының мәселені қадағалай алмай отырғанына наразылықтан басталған. Әр қалада жиналған азаматтар әртүрлі талаптарды алға тартты. Жоғарыда аталған себептерден бөлек, алаңға шыққандардың қатарында саяси тұтқындарды босатуды сұрағандар да бар.

Революциялық гвардия мен бірнеше барлау агенттіктері халықты қатаң бақылауда ұстайтын Иранда наразылық шерулері жиі бой көрсететін құбылыс емес. Дегенмен осы аптаның бейсенбісінен бастап жалғасып келе жатқан қарсылықтар халықтың елдегі экономикалық жағдайдың күрт төмендеуі мен қазіргі биліктің көп әрекетін құптамайтынын көрсетеді. ВВС-дің зерттеуіне сәйкес, ирандықтар соңғы 10 жылда 15 пайызға кедейлене түскен. Қала көшелеріне шыққан бейбіт тұрғындар да биліктен Йемен, Сүрия мен Ирактағы қақтығыстарға жұмсалып жатқан қыруар қаржыны Иран азаматтарының күн көріс деңгейін көтеруге жұмсауды талап етті.

2015 жылы Иранның Президенті  Хасан Роухани әлем басшыларымен ядролық бағдарлама бойынша келісімге қол қойғаннан кейін күшін жойған санкциялар елдің экономикасын көтереді деп уәде еткен болатын. Ұлттық экономика рецессиядан шығып, инфляция төмендегенімен, кәсіпкерлікке келетін шетелдік инвестиция қысқарды. Қазір Ирандағы жұмыссыздық деңгейі 12,4 пайызды құрайды.

“The Qazaq Times”