Міне, Қазақстан ғана емес, бікіл әлем бір жылды қорытындылауға таяу қалды. Бірінде экономикалық жағдай өзгерсе, енді бірі саяси реформа жасады. Ал Қазақстанда Президент жыл басында өзінің өкілеттігін Үкіметке бөліп беру туралы шешім қабылдады. Бұдан өзге билік тармағында өзгерісті байқай қоймадық. Бірақ осыған қарамастан Қазақстан бір жылға жоспарлаған мақсаттарына қол жеткізе алды ма? Мұндай сұрақтардың жауабын саясаттанушы Әзімбай Ғалидан білген едік.
- Әзімбай аға, биылғы жыл да аяқталуға таяу. Осы бір жылда Қазақстан неден ұтты немесе ұтылды? Көздеген мақсатына жете алды ма?
Соңғы кездері Қазақстанның экономикалық көрсеткіштері ойдағыдай болмай тұр. Мақсаты – үздік жиынтық 30 мемлекеттің ішіне кіру керек еді. Яғни ішкі жиынтық өнімнің көлемі 30 мемлекеттің деңгейінің қатарында болу керек еді. Оның ішінде Еуропаның, Азияның Африканың озық мемлекеттері бар. Біз солардың қатарында болуымыз керек болған. Өкінішке орай, біз 42 орыннан 30-ға «секіреміз» деп отырғанда 58 орынға кейін жылжыдық. Бұл енді объективті көрсеткіштер. Қазіргі деректерде үш белгілі әлемдік банк бағалау жасайды. Біз енді 50 елдің құрамына кіруді қайта жоспарлауымыз керек. Менің ойымша, біздің елде экономикалық реформаларға көңіл суыды. Бізге екі нәрсе бөгет. Біріншісі – коррупцияның көп болуы, екіншісі – Ресейдің әсері. Сондай-ақ, мұнай бағасының жоғары болмауы ықпал етеді. Бірақ Қазақстан кезінде 90 жылдардың ортасында Қажыгелдин (Әкежан Қажыгелдин - ред) мен Назарбаевтың «Шоковая терапия» деген табысты реформалары болды. Қазақстан солай қысқа мерзімде нарықтық реформалар жүргізді және ол өте сәтті болған. Барлық институттар қалыптасып үлгерді. Одан кейін мұнай бағасы шырқады. Сөйтіп Қазақстан көрші мемлекеттерден есе озып өтті. Мысалы 90 жылдары біздің ЖІӨ Өзбекстаннан сәл төмен болса, қазір еселеп артық. Мысалы Қырғызстаннан 20 есеге артықпыз. Мен сыншысы емеспін, бірақ Нұрекеңнің (Нұрсұлтан Назарбаев - ред) артықшылығы – технократтық түсінігі бар. 25 жылдың ішінде және соңғы жылдары территориялық тұтастықты сақтадық...() Ал Ресеймен көп байланыстың болуы бізге кері әсер етті. Ресей соңғы 7-8 жылда стагнациялық жағдайда. Не өспейді, не өшпейді. Бір пайызға өссе, екі пайызға төмендейді. 90 жылдары оларда Егор Гайдар деген реформатор реформа жасап, олардың да жағдайы еселеп өскен. Бірақ олар «Гайдардың реформалары дұрыс емес» деп тіпті мемлекеттік секторды 70 пайызға дейін көтерді. Ал мемлекеттік сектордың бір жаман жері – ұрлауға жақсы. Жеке меншік болса онда өз-өзінен ұрлай алмайды. Бұған қоса олар 2008 жылы Грузияға, 2014 жылы Украинаға шабуыл жасады. Содан санкцияға ұрынды. Сөйтіп тұрмыс нашарлады. Экономикалық, әлеуметтік дағдарысқа ұшырады. Енді саяси дағдарыс сезіле бастады. Оның әсері бізге де сезіліп отыр. Олар біздің тауарларды біресе жібереді, біресе жібермейді. Біздің Еуразиялық экономикалық одақта екенімізді ұмытады. Сондықтан Қазақстанның ЕАЭО-ға аса көңілі толмайды. Бізге қырғыздың да экономикалық сауда саясаты ұнамайды. Өткенде айтылды. Ал ол дұрыс айтылды. Қазір енді қайтадан бүркемелейін деп жатыр. Қырғыздар хаб жасады. Қытай тауарының бір бөлігін контрабандамен өткізеді, бір бөлігін сәл өңдейді де қырғыз тауары ретінде сатып жатады. Қырғыз тауары болған соң оны өткізу керек. Сосын кейін «Ресейге алып барамыз» дейді. Бірақ оны Ресейде емес, Ақмолада түсіріп тастайды. Жолда қай станцияда тауар түсіргенін біз білмейміз...
- Жаңа сіз Өзбекстанның экономикалық өсімі еселеп төмен екенін айтып қалдыңыз. Ал қазіргі таңда жаңа Президент келді. Оның жаңа бастамалары әлдеқайда ұтымды екенін көріп отырмыз. Осыдан кейін Өзбекстан Қазақстан бәсекелес бола ала ма?
Әзірге бола алмайды. Мен бір жыл бұрын ба Каримов өлгеннен кейін оны жамандаған мақала жаздым. Бірақ көбі «Ол өзбек тілін көтерді» деп мені бас салды. Көтергені рас. Бірақ ол экономиканы қозғаған жоқ. Ол нарықтық экономиканы кіргізбеді, «Біз Қытай жолымен кетіп барамыз» деді. Сөйтіп олар артта қалды. 5 млн өзбек басқа елде жүр. Шамамен жарты миллионы Қазақстанда жұмыс істейді. Сондықтан олар реформаны жасағаннан аса дамымай қалды. Осыдан олар халықты не көше алмайтын, не қаша алмайтындай тығырыққа тіреді. Әйтпесе өзбектер бізді таптап кетер еді. Тіпті ондағы қазақтардың өзі көшіп кетті. Бұрын Өзбекстаннан келген қазақтардың саны 60 пайыз еді, қазір 64 пайыз. Сондықтан қазіргі Президент реформа жасады деп айта алмаймыз. Кейбір рұқсаттарды берді. Ал бәріне бірден рұқсат берсе онда бәрі Ташкентке, Бұқараға, Самарқанға лап ете түскелі тұр...() Бірақ Өзбекстан әлі саяси экономикалық реформаны жасаған жоқ.
- Сіз бір сұхбатыңызда Қазақстанды әлі талай сынақтар күтіп тұр депсіз. Ол қандай сынақтар және Қазақстан оның тым болмаса бірінен өте алды ма?
Біздегі ең үлкен проблема – ол даму қарқынының азаюы. Жаңа айттым, 42 орыннан 58 орынға кетіп қалдық 2-3 жылдың ішінде. Тіпті байқамай қалдық. Өйткені әлемдік экономика 3 пайыздан аса дамуы керек екен. Бұл үлкен көрсеткіш. Мысалы Ресей жиынтық өнімінің көрсеткіші бойынша 90 жылы төртінші ме, бесінші ме орында болды. Әрине ол кезде КСРО болды. Ал қазір 15 орында. Ал 15 орындағы мемлекетке сәлем бермеуге болады. Қазір ЖІӨ бойынша бірінші орында АҚШ, екінші орын Қытай, үшінші орында Жапония, төртінші орында Үндістан. Кейде халықаралық келісімдерде, кездесулерде Путин столда отырса басқалары кетіп қалады екен. Өйткені Украинаға тиіскенін алға тартады және 15 орындағы мемлекет дегендей санаспауға болады. Ал бізде қарқынды қайта қалыпқа келтіру үшін үш реформа жасау керек. Оның біріншісі – жергілікті жер реформасы. Бұл өзін өзі басқару деген сөз. Мысалы Нұрекең өзінің өкілеттігінің бір бөлігін парламентке берді. Енді әкім де өз өкілеттігінің бір бөлігін мәслихатқа беру керек. Парламенттің де өкілеттігі солай болу керек. Енді Президентті тайдырмаса да, жеке шенеуніктерді, ойдағыдай жұмыс істемейтіндерді қуатындай құзыры болу керек. Екінші реформа – құқықтық сот реформасы. Сот пен Прокуратураның дербестігі. Олар сотты өздері жүргізу керек. Үшіншісі бізде саяси реформа болып, өкілеттік өзгеру керек. Яғни Қазақстан осы реформаларды жасау қажет. Жетістіктер де жоқ емес. Қазақстанда 3 млн халқы бар қала бар Шымкент, одан кейін 1-1,5 млн халықпен Астана, Алматы тұр. Қазақстанда жұмыссыздық аса жоғары деңгейде емес. Өйткені потенциалды жұмыссыздар еңбек нарығына келіп-кетіп жатыр. Сонымен бірге арзанқол жұмыс қолы бар. Оның көпшілігі Өзбекстаннан. Бұдан бөлек, Қазақстан мұнай өндіреді, ураны бар. Қазақстанның геосаяси саясаты да оңды болып шықты. Ядролық қарудан бас тарттық. Уранды сатуға құқық алдық. Бізге тағы бір керек нәрсе – жерге жекеменшік құқығын беру. Неліктен? Жердің 80 пайызы қазақтың қолында еді. Бірақ біз бұдан тайдық...() Егер жер жеке меншік фермерлерге берілсе, латифундиялар болмайды. Нұрекең қазір латифундиялар болмайды деп отыр. Бұл өте дұрыс нәрсе. Мұны идеологияда айту керек.
- Әзімбай аға соңғы сұрақ. Бізде бір жыл аяқталды. Бірақ бір нәрсе жылда қайталанады. Ол билік өкілдерінің ауысуы. Әсіресе жыл соңында. Жалпы осының мәні неде?
Бізде Ұлттық қордың 22 млрд доллары тағы проблема болып қалды қой. Оның алдында зейнетақы қорынан айырылдық. Бізде коррупциямен күрес жүріп жатыр. Бірақ оны пәрменді деп айту қиын. Содан кейін бізде «ұрлықтың» болатын бір жері бар. Ол квазимемлекеттік сектор деп аталады. Мемлекеттің жалған меншігі. Содан одан «ұрлық болып жатыр» екен деген жоғарыға хабар жетеді. Содан кейін орындары жылдам ауысады. Нұрекеңнің тағы бір әдеті – премьерді де үш жылдан артық отырғызбайды. Қажыгелдин кезінде 3 жыл отырып еді қағына бастады. Өйткені ол да авторитарлы тұлға. Ол демократ емес. Екінші жағынан экономикалық жағдайдың да ықпалы бар. Жаңа айттым ғой Қазақстанның 42-ден 58 позицияға дейін құлдырағанын. Мұның өзі биліктің ауысуының бір белгісі.
- Сұхбатыңызға рахмет!