ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдерінің шетелдегі қандастар туралы қойған сұрағына жауап беріп, олардың  елге келу мәселесіне тоқталды.

"Қандастарын еліне шақырып жатқан дүниеде үш-ақ мемлекет бар. Соның біреуі – Қазақстан. Бастапқы кездерде біз әдейі сол елдерге барып, жағдайларын сұрап, бірінші Құрылтайды өткіздік. Ұлы көшті бастадық. Содан бері бір миллион қандасымыз келді. Олардан өсіп жатқан ұрпақтар одан да көп. Ұлы көш тоқтаған жоқ. Ешқашан да тоқтатпаймыз, ешкімге қарсылығымыз жоқ. Келем дегендерге есік ашық", - деді Президент.

Сондай-ақ, Назарбаев қалталы азаматтарға қандастарды қабылдауға жақын болу керектігін айтты.

"Біздің қазақстандық отбасыларға, қалталы азаматтарға айтатыным, қандастарымызды қабылдауға жақын болуымыз қажет. Қазір арнайы қор құрылды. Сол қорға қол ұшын беруіміз керек. Жұмысқа орналасуға, баспана салуға, аз да болса, көмек беруіміз керек. Квотаны көбейтіп жатырмыз. Сондықтан журналистер де осы мәселені айтып отырса, қиыншылық болса, бәріміз көмектесіп отырсақ, барлық қандасымызға жақсылық жасағанымыз болып саналады», - деді Президент.

“The Qazaq Times”