22 желтоқсан күні кеште, Алматыдағы Esentai Mall сауда ойын-сауық орталығының кинотеатрында, «Qazaqstan» телерадио корпорациясы мен «Shine продакшн» бірлесіп түсірген «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» телехикаясының тұсаукесері өтті. «Қазақстан» телерадио корпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин фильмнің тұсауын кесті және арнаның осыған дейін атқарған табысты қызметімен бірге алдағы жоспарларымен таныстырды. 6 сериядан тұратын телехикаяның алғашқы сериясы кештегі көрермендерге ұсынылды.
Аталған телесериал туралы Ерлан Қарин: «Көрермендерімізді түрлі жанрдағы жаңа телехикалармен қоса, тарихи оқиғаларға негізделген телесериалдар түсіруді қолға алдық. Осы мақсата «Shine продакшн» компаниясымен, оның жетекшісі Баян ханыммен бірлесе отырып «Қозы көрпеш-Баян сұлу» телехикаясын түсірдік. Тарихи оқиғаларға негізделген телехикаяны түсіру оңай емес екенін білесіздер. Ол өте көп дайындықтарды талап етеді. Соған қарамастан «Shine продакшн» компаниясы жеке осы жобаны қолға алып, тиянақты жүзеге асырды», – деді. Сонымен бірге Ерлан мырза жобаны сәтті аяқтаған түсірілім тобына алғысын айтты. Сөз соңында «Қазақстан» арнасының көрермендеріне жаңа жылдық тарту ретінде фильм 25 желтоқсаннан бастап арнада таратылатынын, өзге де мерекелік тартуларының бар екенін айтып өтті.
Фильмде Қозының рөлінде Ержан Мұқатаев, Баян сұлу рөлінде Гүлзада Тұрлаш, Қодар рөлінде Марат Абаев ойнаған. Бас продюсер Баян Мақсатқызы, Қоюшы-режиссері Дархан Сәркенов, Сценарий авторы Әннес Бағдат.
Зерттеушілердің айтуынша «Қозы көрпеш – Баян сұлу» қазақтың ең байырғы эпостарының қатарына жатады. Тіпті оның шығу тарихы мың жылдан арыға кетеді. Телехикаядан бір байқағанымыз сценарийде бұл жағы ескерілгенімен, түсіру кезінде пайдаланған тұрмыстық бұйымдар, киім-кешектер эпостың пайда болуынан көп беріде жатқандай. Бұл туралы картинаның қоюшы-режиссері Дархан Сәркеновтен сұрағанымызда: «Бүгін тұсауы кесілген «Қозы көрпеш-Баян сұлу» масштабты жобалардың бірі. Сондықтан әрине мен үшін және түсіру тобы үшін де қиын болды. «Қозы көрпеш – Баян сұлу» эпос болғаннан кейін, болған оқиғаның нақты датасы жоқ. Сондықтан біз тұрмыс-салт бояуларында XVI-XVII ғасырларды негіз етіп алдық», – деді.
«Қозы көрпеш – Баян сұлу» телехикаясының сценарий авторы Әннес Бағдаттан да жоба туралы пікірін сұраған едік.
– Сценарий авторы ретінде қандай баға бересіз, жалпы жоба сәтті шықты ма? Сіздің сценарий толық сақталды ма?
– Халықтың бәрі білетін тақырып болғандықтан, әрине бұл тақырып өте ауыр. Театрға да қойылған, көркем фильм де түсірілген. Ал сериал түрінде алғаш рет жасалып жатқандықтан сценарийін жазу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Барлық жерде сценарийден ауытқымайтын нәрсе болмайды. Монтаж кезінде кейбір диалогтардың ауысып кеткенін байқадым. Жас болса да Дарқан жақсы алып шықты деп ойлаймын.
– Диалогтардан қазіргі заманның ауызекі сөз қолданыстарын да байқап қалдық. Бұл да сценарий бойынша ма?
– Жоқ, сценарий ауызекі тілде жазылмаған. Түсіру кезінде, білесіздер бірнеше дубль түсіреді. Сәтсіз дубльдер монтаж кезінде қосылып кеткендей. Себебі, мен түсірілім кезінде өзім редактор болдым, тексте қателік болмаған.
– «Қозы көрпеш – Баян сұлу» дәуіріндегі бүгінгіге ұқсамайтын наным-сенім ерекшелігін сценарийде ескергеніңіз байқалады. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Бұл туралы айтар болсам, бұл расында тым арыда жатқан нәрсе. Сондықтан, жоба басталудан бұрын Баян ханым шақырған кезде де, режиссер мен продюсерлермен ақылдасып, телехикаяда наным-сенімді Тәңіршілдікте қалдырып, тілді және тұрмысты сәл жақындатайық дестік. Себебі, біріншіден біз оны жасай аламыз ба, жоқ – ол белгісіз. Өйткені этнографиялық нақтылықтар жоқ. Екіншіден, форматы көпшілікке арналған сериал болғандықтан жұрт оны қабылдай ала ма, жоқ деген мәселе тағы бар. Сондықтан да біз сценарийде диалогта барынша исламнан келген сөздерді алмадық. Сөз қолданыстарды шама бар сол Тәңіршілдік кезіндегіге жақындатуға тырыстық.
Тарихи оқиғаларға негізделген телесериал түсірудің оңайға соқпайтыны анық. Көрермен ретінде айтар болсақ, бұл салада осыған дейінгі көркем фильм, телехикаяларда кеткен қателіктердің "Қозы көрпеш - Баян сұлу" сериалында да қайталаныпты. Әсіресе тарихи танымның төмендігі біздің тарихи тақырыпты негіз еткен барлық кино өнімдерімізде әйгіленіп келеді. Қаз-қаз басқан қазақ кино индустриясына келіп қосылған "Қозы көрпеш-Баян сұлудың" анық бағасын көрермен бермек.