Бүгін Алматы халқы актер, қазақтың Төлегені Құман Тастанбековты ақтық сапарға шығарып салды. Актермен қоштасу рәсімі Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтті.
Актермен қоштасу рәсіміне Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Маңғыстау облысы мен Батыс Қазақстан облысы әкімдерінің орынбасарлары қатысып, Құман Тастанбековтың отбасына көңіл айтты.
"Досым, інім, бауырым, әріптес партнерім, сүйенішім о дүниелік дегенде "Апыр-ай, алдында Америкада, Лондонда он күн, бір апта болдық. Қасымда жүріп еді. Сонда неге бір құшақтап сүймедім" деп өкініп жатырмын. Кіршіксіз таза жігіт екенін елдің бәрі біледі. Жақсы адамнан ғана жақсы актер шығады. Құманның жаны кіршіксіз таза еді. Күліп қана тұратын актер, жайдарман жігіт ортамыздан кетті. Әнуар Молдабеков үшеуміздің достығымыз "Қыз Жібектен" басталған... Ол кезде Меруерт оныншыны енді аяқтаған, 17-18 жаста. Біздер отыздамыз. Қыз Жібекке қатысқан бүкіл составтан үшеуміз ғана қалып едік. Бұл тарих. Құман өлмейді деген сөз. Оның ісі өлмейді", - деп көңіл айтты Асанәлі Әшімов.
"Ағамыздың саналы ғұмыры 1945 жылы Алматы облысында дүниеге келгеннен осы Алматы қаласының сахнасында жалғасты. Бүгін әрбір қазақ үшін қаралы күн. Орны толмас қаза. Ағамызды елімізде білмейтін қазақ жоқ шығар... Сондықтан Алматы жұртшылығының атынан сіздерге көңіл айтамын", - деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жедел хатын Құман Тастанбековтың отбасына табыстады.
Құман Тастанбеков 1945 жылы Алматы облысы, Сарқант ауданы, Екіаша ауылында дүниеге келген. Ол қазақ халқына Сұлтан Қожықовтың 1970 жылы жарық көрген «Қыз Жібек» фильмі арқылы танылды. Содан бері ол "Аққулар ұшып келеді", "Провинциялық хикая", "Ағама арналған қалыңдық", "Ағам менің", "Көшпенділер", "Махамбет", "Махаббат жаңғырығы" сынды фильмдерге түскен.
Ол 1993 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі атанып, 2008 жылы "Құрмет" ордені, 2015 жылы "ҚР конститутциясына - 20 жыл" мерекелік медалі және 2016 жылы "Парасат" орденімен марапатталды.
Құман Тастанбеков 17 желтоқсан күні 72 жасында дүниеден өтті.