Осыған дейін Мьянма елінің қарулы күштері рохинджа мұсылмандарына жасалған қырғыннан 400 адамның өлтірілгенін, олардың басым көбі террорлық топтың мүшелері екенін айтқан еді. Бірақ, жақында Шекарасыз Дәрігерлер Ұйымы тексеріп, анықтау жұмысының нәтижесін жариялап, Мьянма ресмилерінің мәліметін теріске шығарды. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлады.
Аталған ұйым Бангладешке бас сауғалаған рохинжалардың санын 647 мың адам деп тұрақтандырған. Сонымен бірге ұйым тексеру арқылы 25 тамыз бен 24 қыркүйек аралығында 9 мың рохинджа мұсылманының қаза болғанын анықтады. Оның ішінде 730 баланы қамтыған 6700 адам Мьянма қарулы күштерінің қолынан қаза тапқан. Қалғаны Бангладеш пен Мьянма шекарасында суға кеткен, ауырудан немесе түрлі себептермен көз жұмған.
Журналистердің босқындармен болған сұхбаттарында адам құқықтарының ауыр дәрежеде бұзылғаны туралы анық мәліметтер бар. Рохинджа мұсылмандарының қауіпсіздік қызметкерлері жағынан зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы да мәліметтер көптеп табылады. Босқындардың бәрі дерлік зұлымдық әрекеттерден үрейленіп, Бангладешке еріксіз жансауғалағанын айтады.
Шекарасыз Дәрігерлер Ұйымы Мьянма армиясының қарулы операциялары аса қатаң жүргізілгенін айтуда. Сондықтан аталмыш ұйым Халықаралық қылмыстық сот адам құқықтарының бұзылғаны туралы тергеу жүргізуі керек деп қарайды. Бірақ Мьянма үкіметі Халықаралық соттың тергеуін қабыл алмауы мүмкін.