Қазақстанның Бас Прокуратурасы қатардағы қызметкерлердің жаңартылып жатқаны туралы мәлімдеді.
Бақылаушы органның мәліметінше, 2017 жылдың маусымында Бас Прократураның ішкі қауіпсіздік басқармасы департамент болып қайта құрылған. Штат 6 адамнан 13-ке дейін көбейтіліп, департаментке тергеу бойынша жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер қабылдануда. Сондай-ақ, қылмыстық істерді тергеуші арнайы прокурорлар тобы құрылған.
Бұдан бөлек, 12 прокурор түрлі келеңсіз жағдайлар бойынша қызметінен босатылған.
"Биыл департамент 191 тексеру іс-шараларын өткізді. 93 прокурор әртүрлі жауапқа тартылды. Олардың 12-сі келеңсіз себептер бойынша жұмыстан босатылса, алтауының лауазымы шектелген. Қалғаны түрлі деңгейдегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қызметкерлердің көпшілігі, яғни 40 прокурор Ар-намыс кодексін бұзған", - деп хабарлады ведомстводан.
Бұдан бөлек, он қызметкерге қатысты қылмыстық іс тіркелген. Олардың жетеуі басшылық қызметте болған. Сондай-ақ, прокуратурада талаптар күшейтілгендіктен қызметкерлерінің көбі өз еріктерімен қызметтен кеткен.
Айта кетейік, соңғы уақытта Қазақстанның құқық қорғау органдарындағы заң бұзу актілері жиілей түскенін осы мәліметтерден-ақ байқауға болады. Яғни қатаң тәртіп орнатып, жүгенсіздерді жөнге келтіретін мұндай орындардың өзінде олқылықтар болса, елдегі тәртіпсіздікке ешкім шектеу қоя алмайтыны белгілі.