Қытай басшысы Ши Жинпиң арнайы елшісін Солтүстік Кореяға аттандырмақ.  Бұл сапар ҚХР мен КХДР арасындағы қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік береді. Қазір Солтүстік Корея өз көршілерімен қарым-қатынаста қиындықтарға тап келіп отыр. Бірнеше ай бұрын Қытай мен Солтүстік Корея арасындағы байланысқа кірбеңдік түсті. Бұл да болса АҚШ-тың Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын тоқтатуға жасаған қадамдарынан кейін болып отыр. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.

Қытай СІМ-нің мәлімдемешісі берген мәліметте, осы аптаның соңында арнайы елші Солтүстік Кореяға барып, сол елдің басшыларымен Қытай және ҚХДР арасындағы жалпы алаңдаушылыққа ұласқан мәселелер төңірегінде келіссөз жүргізеді. Сонымен бірге, Қытай коммунистік партиясының XIX құрылтайының мазмұнын жеткізеді. Қытай СІМ мәлімдемешісінің айтуынша, құрылтайдың мазмұны туралы жеткізу көптеген жылдардан бергі Қытай компартиясы мен ҚХДР Жұмысшы партиясының арасындағы қалыптасқан дәстүр болып саналады.

Қытай Компартиясының кезекті құрылтайында, Ши Жинпиң партия жетекшілігіне қайталай сайланып, салыстырмалы түрде Мау Зыдоңның деңгейіне көтерілді. Солтүстік Кореяның ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, елдің ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун Қытай басшысын құрылтайдың сәтті өтуімен құттықтап, екі ел арасындағы қарым-қатынастың орнықты әрі тұрақты дамытуға шақырған.

Соңғы жылдары Қытай Солтүстік Кореяға жыл сайын арнайы өкілдерін жіберіп, жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіп келеді. Ким Жоң Ун таққа отырғаннан бері Қытай мен Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас ырықсыз әрі сенімсіздік күйге өтті. КХДР барынша Қытайдың ықпалын елемеді және ядролық қаруды дамытуға бірбеткей шешім жасап келеді. Дегенмен, Қытай Солтүстік Кореяға бағытталған жазалау шараларынан бас тартты. Себебі, Қытай үкіметінің қарауынша, бұл шаралар Солтүстік Корея режимін бұзып, Қытайдың солтүстік-шығыс шекарасының қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Жақында АҚШ президенті Бейжіңге сапарлай барып, Қытаймен құнды сауда келісіміне келді және осыған дейін екі ел арасындағы сауда тапшылығын АҚШ-тың жауапкершілігіне аударды. Бұл Қытай арқылы Солтүстік Кореяға қысым түсіруді үміт еткені еді. Бұл рет Қытай арнайы елшісінің Солтүстік Корея аттануы өңір қайшылығындағы жаңа белес болғалы тұр.

“The Qazaq Times”