Бүгінгі Қытай билігінің қадамдарына қарағанда, Батыс елдерінің қысымын қамтыған сыртқы жаһандық геосаяси жағдайлар мен ішкі әлеуметтік, экономикалық мәселелерге қарамастан Қытай Коммунистік партиясы (ары қарай ҚКП) билікті бір адамның қолына шоғырландырып, тоталитарлық диктатураның іргесін тіпті де бекемдей түсуге әрекеттеніп жатқанын көруге болады. Бұның соңын болжау қиын болғанымен, әлем елдеріне, ең кемінде Азияға өзіндік әсері болмай қалмайтынын айта аламыз. Оған Қытайдың әлемдегі екінші ірі экономиканың және қуатты әскери күштің иесі екенін айтса да жеткілікті. Сондықтан, қаламасақ та Қытай билігіндегі кейбір іс-қимылдарды қадағалай қарап, сергек санаға салып отыруға тура келеді.   

Жақында ғана Қытай Коммунистік партиясының Тәртіп тексеру жөніндегі Орталық комиссиясының (ары қарай Орталық комиссия) бесінші пленарлық отырысы аяқталды. Көп өтпей ҚКП-ның 19-шы жалпы ұлттық съезі басталады. Дегенмен, алдағы съездің нені тақырып ететіні Орталық комиссияның кезекті отырысынан-ақ белгілі болды. Себебі, Орталық комиссия қазір ҚКП билігі, соның ішінде қазіргі партия жетекшісі Ши Жинпиңнің (Си Цзиньпин) билігін берік ұстап тұрған ең құзіретті орган. Оның пленаралық отырысындағы сөз болған тақырыптар жалпы ұлттық съезде басты назарда болмақ. Алайда, бұл рет ҚКП лидерінің баяндамасы Қытайдың ресми ақпарат құралдарында аса бір даңғазалап көрсетілмеді.

Қытай лидерінің «жанқұралы»

ҚКП-ның Тәртіп тексеру жөніндегі Орталық комиссия туралы Қытайға, оның саяси қадамдарына қатысты бұған дейінгі сараптамаларымызда егжей-тегжейлі айтқан едік. Дегенмен, оқырманға түсінікті болу үшін қысқаша тоқтала кетелік. Бұл Орталық комиссияны «билік ішіндегі билік» деп түсінуге де болады. ҚКП-ның партия ішіндегі тәртіпті қадағалайтын, партиялық билікті бекемдейтін орган. Ши Жинпиң билікке келгеннен бері аталған құзіреті күшті органнан пайдалана отырып дара билігін толық қарманды. Айталық, Қытай басшысы өзінің саяси қарсыластарын, партиялық билікке қауіп төндіретін саяси-экономикалық топтар мен кейбір жекелеген тұлғарды тазалағаны бұған дейін де айтылған. Ол үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен «партияға адал емес», «екіжүзді тұлғаларды анықтау және жазалау» деген секілді саяси қозғалыстарды «сәтті» пайдалана алды. Қытай лидерінің қазіргі деңгейдегі дара билігін қамтамасыз еткен Орталық комиссия оның «жанқұралы» ретінде аталады.

ҚКП жетекшісінің үміті

Кезекті жиналыста Қытай басшысы негізінен «жаңа жағдайда» «екі ұстанымды» сақтау арқылы, билік партиясын басқаруды қатаң жүргізу туралы баса айтты. Ши Орталық комиссияны әр кезде ең алдымен саяси тұрғыда бағалауға,  саяси және экономикалық сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы қатаң ұстанымда болуға шақырды. Бұған қоса коммунистік партияға адал емес және «екіжүзді» тұлғаларды анықтау мен жазалауды жүйелі жүргізуді тапсырды. Әсіресе, саяси-құқық жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатаң мәміле жасауды ұсынды.

Әрине, Қытай билігінің алдағы қадамдарын болжағысы келетін шетелдік сарапшылар мен қытайдың шетелдердегі демократ топтары Қытай басшысының Орталық комиссияға бағыттаған сөздерін қалт жібермей қарап отырады. Себебі, өзінің өткір қаруы саналған Орталық комиссия отырысындағы сөздеріен Қытай басшысының алдағы съезде және тұтас билік болашағында нені үміт етіп отырғанын шамалап болса бағамдауға болады. Ши Жинпиңнің кезекті баяндамасын талдаған сарапшылар оны Орталық комиссияның пленаралық отырысынан пайдаланып  алдағы үлкен съездің негізгі тақырыбын жариялады деп санайды. Яғни, ҚКП жетекшісі Орталық комиссия сынды партия ішіндегі құзіретті органнан пайдалана отырып, алдағы съезде өзінің тоталитарлық диктатурасын бекемдеуді мақсат етеді. Орталық комиссияға өз ұсынысын жасай отырып, Ши съездегі депутаттардан қарсылықсыз қолдау ала алады. Себебі, Орталық комиссияға қарсы саяси күш қазірге Қытай ішінде жоқ.

Ал, ҚКП ресми тыйым салған «Қытай Демократия партиясы» деп аталатын саяси ұйымның жетекшісі Уаң Жүнтау Ши Жипиңнің кезекті баяндамасы туралы бірқатар нанымды ойларын VOA агенттігіне бөліскен екен. Оның айтуынша Ши билігінің алдында бірқатар қиыншылықтар да бар. Соның бірі оның партия ішіндегі және жалпы билігіне деген күмәннің күшеюі. Былайша айтқанда жасырын болса да Ши билігіне деген күмән бұл күнде ҚКП-ның іші-сыртында бар. Ол осы күмәнді сейілту үшін Орталық комиссияның отырысында «жаңа жағдайдағы» ҚКП-ның негізгі бағыты туралы баса айтып отыр деп санайды Уаң Жүнтау.

Қытай басшысының «жаңа жағдай» деп отырғанын Қытайдың қазіргі тап болып отырған проблемаларын талдай отырып мына үш негізгі мәселе деп көрсетуге болады. Біріншіден, атап өткеніміздей, оның билік партиясының іші-сыртындағы ауқымды басқару қабілетіне деген күмән біртіндеп тұтас партия билігінің әлсіреуіне алып келе ме деген алаңдаушылық. Екіншісі, АҚШ-Қытай қайшылығын қамтыған жалпы Батыс елдерінің Қытайға бағыттаған қысымы. Ал, үшіншісі – ол жалпы экономикалық жағдай.  Міне осындай жағдайда сыбайлас жемқорлыққа, саяси-экономикалық сыбайластыққа, партияға адал емес тұлғаларға қарсы күресті тағы да баса айту арқылы Ши Жинпиң Орталық комиссиядан ҚКП-ның немесе диктатуралық дара билігінің өзге іс-әрекеттеріне саяси кепілдік сұрап отырғаны. Былайша айтқанда Орталық комиссия партиялық стильді, бір адамның қолына шоғырланған, оның экономикалық, басқару саясатына қарсылықсыз билік жүйесін толық құруды мақсат етеді.

Император мен императордың жасауылдары

Гонконгтық танымал заңгер әрі тәуелсіз сарапшы Саң Пу Ши Жинпиң мен Орталық комиссияны Қытайдың ертедегі императорлары мен орда жасуылдарына ұқсатады. Оның болжауынша алдағы уақытта Орталық комиссия партия жетекшісінің нұсқауы бойынша саяси және экономикалық мәселелер тоғысқан сыбайлас жемқорлық істеріне назар баса назар аударатын болады. «Барлығына мәлім, Ши Жинпиң жемқорлықпен күрестің нысанасын екі санатқа бөлді. Бірінші санатта – жекелеген қалталылар, ол санаттан біз  Huarong компаниясының бұрынғы жетекшісі Лай Шяомин мен Ма Юнның тазаланғанын көріп отырмыз. Ал, екінші санатта Тәртіп тексеру жөніндегі Орталық комиссияның анықтаған қисапсыз көп шенеуніктері. «Жазықтыны» тауып жойғаннан кейін жалғасты «қылмыстыларды» табуға тура келеді. Бұрынғы императорлар солай істеген, ол да солай істеп отыр», – дейді Саң Пу өзінің пікірінде. Ол сондай-ақ: «Бұл арада партиялық мемлекеттің қауіпсіздіне деген қауіп-қатерді эталон ретінде пайдаланып отыр. «Екі ұстаным», саяси ұстаным және партияны басқару туралы әңгімелер ешқандайда жемқорлықпен күресуді меңзеп тұрған жоқ», – деп қарайды.

Расында да, ҚХР билігіне Ши Жинпиң келгеннен бері жемқорлыққа қарсы күресті жүргізіп келеді. Қазіргі кезде Қытайдағы коррупция жағдайы аса күрделі емес. Тіпті, қазіргідей режимде сыбайлас жемқорлыққа батылдық ететін шенеуніктің қалмағанын да елдегі көзқарақты жұрт біліп отыр. Сондықтан да бұл арада саяси-экономикалық сипаттағы жемқорлыққа қарсы күресті қайта жалаулатып көтерудегі негізгі мақсат басқа. Анығында осыған дейінде Орталық комиссия лидердің нұсқауы бойынша жемқорлыққа қарсы күресті «таңдаулы тұлғаларға» бағыттады.

Тәртіптік инспекция жөніндегі Орталық комиссияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеті Ши Жинпиңнің жеке диктатурасының құралына айналды деген пікірге жоғарыда атап өткен Уаң Жүнтау да келіседі. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет анығында ішкі жақтан өзгерді. Шидің алғашқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқанды ресми билікті тазартуға, коммунистік партияның биліктегі заңдылығын қалпына келтіруге және оның жеке беделін көтерге пайдаланды. Бұған ол алғашқы екі жылда қол жеткізді. Үшінші жылынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саяси тазарту құралына айналды. Анығында, онда мұндай ниет әу бастан болған. Былайша айтқанда, «абсолютты адалдық деген – саяси айқындылық» деп санады. Сондықтан да кейде жемқорлық бұл сенің адал емес екеніңді түсіндірмейтін болып қалды», – дейді ҚДП жетекшісі.

Ши Жинпиң Мао бола ала ма?

ҚКП жетекшісі Ши Жинпиң Мәдениет, Үгіт-насихат министрліктерін қалам ретінде пайдаланып өз саясатын, ұстанымдарын сәтті насихаттай алды. Ал, Орталы комиссияны қару етіп саяси алаңда жолын аша алды. Тоталитаризм мен тұрақты билікте Мао деңгейне жете алды. Бірақ, сарапшылардың пікірінше, Ши Жинпиңде халықты көзсіз өзінің жеке басына табындыратын Мао-ның саяси қабілеті мен «шайтанның сүйкімді бетпердесі» болған жоқ. Әрі бұл дәуір де оған сәйкес келмейді. Сондықтан Ши Жинпиңге Мау Зыдұңның (Мао Цзэдун) билік шыңына жетуге әлі алыс деп санайды.

Әрине, қазіргі Қытай басшысы саяси топтарды өзіне бағындырып, Қытайдың партиялық , саяси, әскери билігін өзіне топтастырды. Қазіргі кезде ол Қытай билігінің биігінде, ол үшін биліктің келесі басбалдағы жоқ деуге де болады. Бірақ бұны Мао биілігінің деңгейімен салыстыруға тұрмайды. Қазіргі әлемдегі саяси тенденция мен адамдардың таным түсінігіне қарай Ши Жинпиңде Мао деңгейіне жетудің мүмкіндігі қалмағандай.

“The Qazaq Times”