Қытай Коммунистік партиясының жоғары жетекшілері бас қосқан жиында партияның бірінші хатшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин) Қытайды әлемге жағымды образда әйгілеу турасында мәлімдеме жасады. Оның бұл мәлімдемесі Қытай мен АҚШ қатынасы шиеленісіп тұрған тұста жасалып отыр. Сарапшылар бұны барған сайын қарсыластық мінезіне бейім бола түскен Қытайдың бүгінгі дипломатиясын өзгертуге деген құлшыныс болуы мүмкін деп санауда.
Қытай басшысының бұндай мәлімдемесінен бір күн бұрын Сыртқы істер министрлігі коронавирустың пайда болу себебіне қатысты америкалық зерттеуге қарсы мәлімдеме жасап, «АҚШ саяси манипуляция жасап, кінәні басқаға аударуда» деп мәлімдеген еді. Құрама Штат тарабынан зерттеулерде вирус Қытайдағы лабораториядан таралған болуы мүмкін деген болжам көбірек айтылады.
Қытай Шыңжаңдағы мұсылман және этникалық азшылық өкілдеріне қатаң мәміле жасап, адамдық құқықты аяққа таптады деп айыпталып келеді. Бұған қоса Гонконгтағы демократияны талап еткендерге қарсы қудалаулар әлемдегі Қытайдың имиджіне терең әрі кері әсерін көрсетті.
Ши Жиньпин билік партиясының жоғары жетекшілеріне Қытайдың көзқарасын позитивті көрсетудің аса маңызды екенін баса айтты. «Халықаралық қоғамдық пікір жөнінде сөз болғанда, әр дайым достарды тауып, өрісті кеңейтіп отыру маңызды», – деген Ши сөзінде.
Ши Жинпиннің бұл мәлімдемесі Қытайдың оқшауланып қалғанын алғаш рет мойындауы болып саналады. Ол ҚХР жетекшісі болып келгеннен бері Қытайдың сыртқы саясаты қатаң бола түсті, ішкі саясатында авторитаризм күшейді. Алайда, бұндай жағдай Қытайдың Батыс елдерімен мәмілесін бұзып, соңында тығырыққа әкеліп қойды.