Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамын реттеу үшін үшінші ай қатарынан интервенция өткізіп келеді. Finprom агенттігінің мәліметінше, реттеуші қазан айында долларға сұранысты азайту кезінде өткен айға қарағанда көп қаржы жұмсаған.
Ұлттық банктің доллар бойынша нетто-сатылымы қазан айында 379,8 млн долларды құраған. Қыркүйек айында бұл сома 69,7 млн доллар, тамыз айында 70 млн доллар болған.
Жаз айы басталғалы бері валюта нарығындағы жағдай айтарлықтай өзгергені белгілі. 2016 жылдың желтоқсаны мен 2017 жылдың мамыр айы аралығында доллар құны түскенмен, маусым айынан бастап, қайта нығая бастады. Мысалы осы айда теңге 3,2%-ға, шілдеде 1,8%-ға, тамызда 2,7%-ға, қыркүйекте 1,2%-ға әлсіреді.
Ұлттық банк болса бұл жағдайды долларға деген сұраныстың артуымен және кейбір сарапшылардың орынсыз девальвациялық болжамдарымен байланысты деп түсіндірді. Ұлттық банк интервенция жүргізуді тамыз айында қайта бастаған. Алайда валюта резервінде тұрған долларларды сатудан сұраныс азая қоймаған.
Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын 2015 жылдың 20 тамызында теңге курсы еркін айналымға жіберілген соң, Ұлттық банк долларға сұранысқа азайту үшін бірнеше ай интервенция жүргізген. Алайда бұдан теңге бағамы тұрақталып қалған жоқ. Керісінше ұлттық валюта 50%-ға дейін құнын жоғалтқан болатын.