Сенат депутаты Нұрлан Қылышпаев ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаевқа Қытайдағы қазақ диаспорасының құқықтары бұзылғаны туралы жағдайды анықтауды сұрап, депутаттық сауал жолдады. Сондай-ақ, ол ақпарат расталған жағдайда қабылданатын шаралар туралы хабардар етуін сұрады. 

Ол Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағында тұратын қазақ халқы өкілдерінің  құқықтары бұзылғаны туралы мәселе 2017 жылдың маусымында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, сол уақыттан бері ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде 1,5 миллионнан астам қандастың құқықтары шектеліп жатқаны туралы қауесеттер кеңінен таралған.

"Осындай бейресми ақпараттарға сенсек, олардың діни құқықтары шектеліп, қазақ диаспорасының шетелдік паспорттары кері қайтарылып жатқаны туралы айтылып жүр. Менің сұрағым мынадай: Қытайдағы қазақ диаспорасының құқықтары бұзылғаны туралы ақпарат қаншалықты рас? Жалпы Қытайдағы қазақ диаспорасының жағдайы және олардың құқықтарының қорғалу деңгейі қандай? Оларға қысым көрсете ме? Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің тарапынан бұл мәселені талдау және зерттеу бойынша қандай жұмыстар жүргізілді? Осыған қатысты қытай тарапымен келіссөздер немесе консультациялар болды ма?", - деп сауал жолдады депутат Сағынтаевқа.

 

Айта кетейік, 24 қазан күні ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің Алматыдағы бөлімінде Қытайдың Шынжаң жерінде қамауға алынған немесе «саяси үйренуге» жіберілген қазақ азаматтарының Қазақстандағы туыстарын, олардың арыз-шағымын қабылдау болды. Құзырлы орын жиналғандардан 15 адамды жеке-жеке қабылдап, Қытайға кетіп орала алмай отырған немесе сонда тұратын туыстарының үкімет жағынан қысым көрген ісі туралы мән-жай сұрасқан.

Арыз берушілердің сөзіне қарағанда Шынжаң жерінде қысымға ұшырағандар арасында Қазақстан азаматтары да болуы мүмкін деп отыр. Бірақ ол туралы анық дерек жоқ. Алдағы уақытта бұл адамдардың туыстарынан шағымдарды қабылдап алып, Қытай тарабының тексеріп-анықтауына жолдамақ.

“The Qazaq Times”