Дүйсенбі сағат 11.30-да Алматы қаласында орналасқан Қытай консулдығы алдында 36 күннен бері Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүрген бір топ адам наразылық акциясын өткізуге тырысты. Бірақ кемінде төрт-бес көлікпен келген полицейлер шараның заңсыз екенін ескертіп, аналарды елшілік ғимаратына жібермеді.

Осы уақытқа дейін інісін іздеп, пикетке шыққаны үшін қамалып шыққан белсенді Байболат Күнболатұлы оқиға орнынан тікелей эфир жүргізді.

«Қытай консулдығының алдында виза аштыратын бір кішкентай жер бар. Полиция сол үйдің алдынан бұл кісілерді асырған жоқ. Бұл кісілер сол жаққа бірнеше рет баруға оқталып еді, полиция оларды итеріп, өткізбей қойды. Сол қарсылық кезінде акцияға шығып жүрген адамдардың бірі Халида апамыздың денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтеріліп, талықсып есін жоғалтуға аз қалды. Су шашып жүріп, жедел жәрдем шақыртып, қазір денсаулығы сәл тәуірлегендей болды. Ақыр аяғында бұл кісілер айдалада тұра берген дұрыс емес шығар деп үйге қайтуға келісті. Оның үстіне аяқтарынан су өтіп кеткен. Қатты жаурады», – дейді Байболат Күнболатұлы Азаттық радиосына берген пікірінде.

Тікелей эфир кезінде Медеу аудандық полиция қызметкерлері карантин шектеуі күшейгендіктен консулдық алдына баруға болмайтынын ескертеді. Наразылар төрт жылдан бері арыз-өтініш жазбаған орнымыз қалмады деп қапалы.

Бір айдан астам уақыт ата-анасы, бауырлары мен ұл-қызын іздеген бір топ Қазақстан азаматы Қытай консулдығының алдында жақындарын іздеп, сұрау салып жүр. Десе де Сыртқы істер министрлігі не консулдық өкілінің бірде-бірі наразылардың алдына шығып, диалогқа әрекеттенбеген. Мәмілеге келудің орнына талапшыл топты жиында полиция сырттай бақылап тұрады. Тіпті ауық-ауық белсенділердің кейбірін ұстап әкетеді не қамайды.

"The Qazaq Times"