Бүгін, 24 қазан күні ҚР Сыртқы Істер Министрлігінің Алматыдағы бөлімінде Қытайдың Шынжаң жерінде қамауға алынған немесе «саяси үйренуге» жіберілген қазақ азаматтарының Қазақстандағы туыстарын, олардың арыз-шағымын қабылдау болды.

Шекараның арғы бетінде қамауға алынған немесе «саяси үйренуге» жіберілген туыстары бар Қазақстан Республикасының отыздан аса азаматы Алматыдағы Сыртқы Істер Министрлігінің ғимараты алдына жиналды. Құзырлы орын жиналғандардан 15 адамды жеке-жеке қабылдап, Қытайға кетіп орала алмай отырған немесе сонда тұратын туыстарының үкімет жағынан қысым көрген ісі туралы мән-жай сұрасқан.

Алайда қабылдауға БАҚ өкілдері қатыстырылмады. Құзырлы орынның табалдырығын аттай алған адамдардан сұрап білуімізше, ҚР СІМ Қытайда қамауға алынған немесе қандайда бір қысымдар көріп жатқан адамдардың тікелей туыстарының арызын жеке-жеке қабылдайтын болған. Азаматтардың арыз-шағымы негізінде Сыртқы істер министрлігі Қытайдың Қазақстандағы елшіліктеріне және ҚХР СІМ-нен аталған істі анықтап беруін талап етпек.

Арыз берушілердің сөзіне қарағанда Шынжаң жерінде қысымға ұшырағандар арасында Қазақстан азаматтары да болуы мүмкін деп отыр. Бірақ ол туралы анық дерек жоқ. Алдағы уақытта бұл адамдардың туыстарынан шағымдарды қабылдап алып, Қытай тарабының тексеріп-анықтауына жолдамақ.

Сыртқы Істер министрлігінің қабылдауына кірген арыз берушілер. Фото: QT.

Арыз берушілердің бірі, Қазақстан азаматы Жұмағазы Дәлейұлының әйелі Қызырхан Оразбекқызы әліде ҚХР азаматы. Қытайдан зейнетақы алатын Қызырханды Шынжаңға шақыртып алған. Барған күні ұялы телефонын алып кетіп тексереді. Кейін өзін «саяси үйрену» деп қамаққа алған. Жұмағазы әйелінің қашан босатылатынын біле алмай отырғанын айтады.

Осыған ұқсас және өзге де жағдайларда қысым көрген қазақ азаматтарының туыстарынан жеткен арыз-тілекті тыңдаған ҚР СІМ алдағы уақытта Қытай елшіліктері арқылы жауап алып береді деген үміттеміз.

“The Qazaq Times”