Еуропа Одағы Шыңжаңдағы этникалық топтардың хал-ахуалына алаңдаушылық білдіріп отыр. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини осылай деп мәлімдеді.
Шыңжаң аймағында адам құқығын таптау жалғасып, «саяси лагерлер» саны артқан. Барлық мемлекеттер Қытайдың өзге ұлттарға жасап отырған қорлығына қарсылық білдіру керектігін айтқан Федерика Могерини осы мәселені реттеуге ниет білдірді. Еуроодақ өкілдері БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі Жоғары комиссарының Қытайдағы барлық аймақтарды аралап, халықтардың жағдайымен танысып келу туралы шешіміне қолдау білдірді. Сондай-ақ Федерика Могерини ЕО басшыларының атынан «нәсілдік кемсітушілікті ашықтан-ашық арттырып отырған» Қытайға ескерту жасады.
Айта кетейік, халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қытайдағы этникалық топтардың жағдайына баса назар аударуда. Кей деректер бойынша Шыңжаңдағы «саяси лагерьлерде» мыңдаған қазақ қамауда отыр. Осыған дейін АҚШ құқық қорғаушылары Бейжіңді Шыңжаңдағы түркітілдес мұсылмандарға қарсы жүйелі науқан ұйымдастырып келеді деп айыптаған болатын. Сонымен қатар олар «адам құқығын таптап, кей ұлттарға жазықсыздан-жазықсыз қорлық көрсетіп отырған» ҚХР-ды «құқық сақталмаған аймақ» деп атады.