Қырғызстанда Сооронбай Жээнбеков жеңісін бір-ақ адам мойындаған жоқ.
Осы уақытқа дейін қырғыз елінің қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың ізбасары Сооронбай Жээнбековтың сайлаудағы жеңісін президент сайлауына қатысқан үміткерлердің ішінде бір адам ғана мойындаған жоқ. Ол сайлауда 6,48 пайыз дауыс жинап, үшінші орын алған «Бүтін Қырғызстан» партиясының өкілі Адахан Мадумаров. Мадумаровтың сөзінше, ел билігі сайлау кезінде Ресей мен Қазақстандағы 500 мың қырғызстандықты түрлі себептермен сайлауға қатыстырмай қойған. Оның үстіне Қырғызстандағы 1,5 миллион адам сайлауға қатысудан бас тартқан. Адахан Мадумаров сайлаудан кейін журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Ел халқының жартысы қатыспаған сайлауда Орталық сайлау комиссиясының сөзінше, Сооронбай Жээнбеков 54 пайыз дауыс жинады. Бұл дұрыс емес, ол шын мәнінде 25 пайыз болуы тиіс» - деген.
Ал Сооронбай Жээнбековтың басты қарсыласы Өмірбек Бабанов сайлаудан кейін Жээнбеков жеңісіне байланысты қарсы пікір білдірмеген. Ол сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін өз жақтастарына: «Біз билік белгілеген пайыздарды алдық. Біздің жеңісіміз әлі алда» - деп қысқа қайырған.
Сооронбай Жээнбеков жеңісінен кейін оны ең алғашқылардың бірі болып Ресей президенті Владимир Путин құттықтады. Одан кейін барып Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев құттықтау телеграммасын жолдады. Бір қызығы жоғарыда аталған үш президентте құттықтау хаттарында Қырғызстанның қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев жайында бір ауыз сөз айтпаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстан, Өзбекстан және Ресей басшыларының Сооронбай Жээнбековқа берген белгілері. Олар осы арқылы Жээнбековке Атамбаев саясатын жалғастыру көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатуда қиындық тудыратынын меңзеген.
Жалпы соңғы уақыттағы Алмазбек Атамбаевтың Нұрсұлтан Назарбаев тарапына қарата түрлі мәлімдемелерді қарша боратуы ТМД елдері басшыларының ешқайсысына ұнамағаны белгілі. Тіпті БАҚ беттерінде бұған Ресей президенті Владимир Путин араласты деген де пікірлер айтылған. Бірақ Атамбаев қазақ билігін сынауын Жээнбеков жеңіске жеткенге дейін тоқтатқан жоқ. Ол тіпті сайлау күні де ресми Астананы сынап мәлімдеме жасады. Ал Қырғызстанның су жаңа президенті Сооронбай Жээнбеков өзі журналистердің «Сіз Назарбаевқа қалай қарайсыз?» деген сұрағына: «Мен ол кісіні көрші елдің басшысы ретінде сыйлаймын. Қазақ-қырғыз шекарасындағы дау уақытша мәселе» - деп қысқаша жауап берген. Енді Жээнбеков жеңісін мойындамайтын жалғыз адамға қайтып оралсақ. Егер Адахан Мадумаров 20 күн ішінде сайлау қорытындысымен келіспейтіндігін айтып сотқа шағымданбайтын болса, онда Сооронбой Жээнбеков Конституция бойынша ресми қорытынды жарияланғанан кейін 30 күн өткен соң яғни желтоқсанның 4-і күні қырғыз халқы алдында салтанатты түрде ант береді.