Лас-Вегастағы қонақ үйдің 32 қабатынан концертке жиналған халықтың үстінен оқ жаудырған Стивен Паддок қылмысының жаңа қырлары белгілі болды. Терезесі 22 мың халықты жинаған музыкалық фестиваль өтіп жатқан жаққа қараған бөлмені таңдап алу, тосыннан келетін адамдар мен күзетшілерді қадағалап отыратын бейнекамералар орнату қылмыстың алдын ала мұқият жоспарланғанын көрсетеді. Бұл туралы CNN ақпараттық агенттігі жазды. 

Стивен Паддоктың зейнет жасына келгенде бір күнде 58 адамды өлтірген қылмыскерге неліктен айналып шыға келгенін ешкім де білмейді. Бір анығы, оның халықаралық террористік ұйымдармен байланысының жоқтығы. Бірақ оның үлкен қылмыстық топтармен сыбайласпай, қанды оқиғаны жеке дара жүзеге асыруы полиция қызметін одан әрі қиындатып отыр. Өйткені қылмыскер оқиға орнында қаза тапқан, ал оның жақындары зерттеу ісіне көмектесе алар деректер бере алған жоқ.

Стивен Паддоктың Филлипинге 100 мың АҚШ доллары көлемінде ақша аударғаны белгілі болды. Құқық қорғау қызметкерлері ақша аударымы кімнің атына жасалғанын әлі анықтаған жоқ. Бұл іске Филлипин мемлекетінің көмегі  болады деген үміт бар.

Стивен Паддокпен бірге тұрған Marilou Danley есімді қыз кеше түнде Маниладан Филлипинге келді. Әуежайда бірден полиция қызметкерлерінің соңынан еруге мәжбүр болған қылмыскердің азаматтық некедегі әйелінен алдағы уақытта жауап алынатын болады.

Дональд Трамп өзінің твиттер парақшасында: "Лас Вегас полициясының қылмыскерді жылдам тауып, оны мұнан да көп тұрғынның өліміне себепкер болудан тоқтатып үлгергендері таң қалдырады", - деп жазды.

Фото: Daily Mail

Ұлыбританияның Daily Mail басылымы қылмыскердің қонақ үйдегі бөлмесінен түсірілген суреттерді жариялады. Онда полиция қолынан мерт болған Стивен Паддоктың денесі мен айналасында шашылып жатқан қару-жарақ көрінеді. Жалпы, полиция қызметкерлері Стивен Паддоктың қонақ үйдегі бөлмесі мен Невададағы үйінен, жеке көлігінен көптеген жарылғыш заттарға қажетті қоспа, тапаншалар мен суық қару тапқан. Бір адамның басында осынша қару болғандығы АҚШ азаматтардың қару сатып алуын қадағалауды қолға алу керек екенін тағы бір дәлелдеді.

“The Qazaq Times”