Лас Вегастағы ашық аспан астындағы музыка фестиваліне жиналған халыққа қарсы оқ атып, 59 адамның жан тапсыруы мен 527 бейбіт тұрғынның жарақатына себепкер болған жанкештіні қанды әрекетке қандай себеп итермелегені әлі де анықталып жатыр. 64 жастағы Стивен Паддок оқиға орнындағы Мандалей Бей қонақ үйінің 32-қабатынан оқ жаудырған. Оның "Ислам мемлекеті" сияқты халықаралық террористік ұйымдармен байланысы тіркелмеген. Американы ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген атышулы оқиғаны жан-жақты талдаған - ВВС ақпараттық агенттігі.
Қанды оқиға Route 91 музыкалық феститвалінің соңғы үшінші күні (жексенбі), жергілікті уақытпен 22:08 шамасында болған. Концерт тамашалауға жиналған халыққа қарсы кенеттен атылған оқтан басын бұғып жер бауырлаған халық әп-сәтте абыр-сабыр болған. Сол жерде болған куәгерлер : "Жан-жаққа үдере қашқан халық, айқай-шу, жарақат алған адамдар, қимылсыз сұлап түскен денелер бір мезетте бейберекетсіздік тудырды", - дейді.
Жанкешті кім?
Стивен Паддок Лас-Вегастың солтүстік-шығысындағы Mesquite деп аталатын шағын қалада тұрған. Онымен бірге бір пәтерді бөліскен азаматтық некедегі әйел қазір Жапонияда болғандықтан, полиция жауап ала алмады. Стивен Паддоктың қонақ үйдегі бөлмесінен 23 тапанша мен 19 суық қару табылған. Оның иелігіндегі екінші үйден де көп қару-жарақ табылғанымен, оның ағасы інісінің суыт әрекеті мен қоғамға қауіпті ойларынан хабарсыз болғанын айтады. Осыдан аз бұрын Стивен Ислам дінін қабылдауына байланысты, болған оқиғаны терроризмге балаған топтар оның экстремистік ұйымдармен байланысын дәлелдейтін анық айғақтар келтіре алмай отыр. Федералды барлау қызметі аталған қылмысты "жеке орындалған" деп тапты.
АҚШ-та осыған дейін болған көпшілікке қарсы жасалған қылмыстар:
- 1991 жылы, Техас - 23 құрбан
- 1999 жылы, Колорадо - 13 құрбан
- 2007 жылы, Вирджиния - 32 құрбан
- 2009 жылы, Техас - 13 құрбан
- 2012 жылы, Коннектикут - 27 құрбан
- 2015 жылы, Калифорния - 15 құрбан
- 2016 жылы, Флорида - 49 құрбан
- 2017 жылы, Лас-Вегас - 58 құрбан