Бір аптадан бергі екі ел арасындағы бір-біріне жолдаған диалогтар мен кекесін жауаптарға сараптама жасай келе, «The Wall Street Journal» басылымы АҚШ пен Солтүстік Корея өліспей беріспейтін күйге жетті деп жазды.
АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы дұшпандық сыңай бір белеске көтерілді. Солтүстік Кореяның СІМ басшысы сенбі күні БҰҰ-да баяндама жасағанда Америка құрлығын зымырандармен соққылаудың қиын емес екенін айтқан. АҚШ Корей түбегінің шығыс жағалауына соғыс ұшақтарын орналастырып әскери күштің қуатын сынап көрмекші.
АҚШ Қорғаныс министрінің мәліметіне қарағанда АҚШ орналастырған ұшақтар Солтүстік Кореяның теңіз айдындарына жақын келді, алайда олар халықаралық ортақ кеңістіктен аттап өтпеген. Бұл 1990 жылғы Солтүстік Корея зымырандар мен ядролық қаруларды сынақтан өткізгеннен бергі, АҚШ әскери күштерінің Солтүстік Кореяның су үсті шекарасына ең жақын келуі.
АҚШ Қорғаныс департаментінің мәлімдемешісі Дана Уэйт (Dana White): «Бұл реткі әрекет АҚШ-тың батыл қадамға барғанының белгісі, сондай-ақ бұл бір айқын ескерту. Яғни, бұл президент Трамптың көптеген мүмкіндіктер арасынан таңдап алған әскери қадамының бірі. Сол арқылы Солтүстік Кореяға сес көрсетіп, тығырыққа тірейді. АҚШ барлығына тас түйін дайын. Жасақталған әскери күшті іске қосып АҚШ пен оның одақтастарын қорғай алады», - деді.
Өткен сенбіде жасалған бұл әрекет ұзақ уақыттан бергі АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы теке-тірестің соңғы бейнесі болды. Әлем елдері аталған әрекеттен алаңдаушылық білдіріп, екі жақты сабырға шақырды. Алайда, КХДР мен АҚШ алған беттерінен қайтар емес.
Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяның ең жоғары басшысы Ким Жоң Унды (Ким Чен Ын) «зымыран адам» деп атап, «отпен ойнап отыр» деген түрлі кекесін сөздерді айтқан еді. Сонымен бірге, АҚШ өзін және одақтастарын қорғау үшін Солтүстік Кореяның күлін көкке ұшырады деп қорқытқан. Дегенмен, бұл сөзіне де Ким Жоң Ун жауап қатпай қалған жоқ. Ол өз кезегінде Трампты «алжасқан» деп атап, «Ол президент болуға лайық емес, біз есе алуға дайынбыз» деген еді.
Тартысқа толы өткен аптаның соңғы күні КХДР-ның сыртқы істерге жауапты басшысы Ри Йоң Хо (Ri Yong Ho) БҰҰ отырысында, Солтүстік Кореяның әскери күш қолдануы тек сөз жүзінде ғана айтылып қалмайтынын ескерткен. О сөзінде соңғы жылдары КХДР-ның баллистикалық зымырандар мен ядролық бағдарламаларын орнықты түрде дамытқанын алға тартты. Әрі барлық елдің Солтүстік Кореяның құрлық аралық зымыран соққыларын жасай алатынын білетінін ескертті. Ол және: «Трамп өзінің не айтып жүргенін аңғармайтын болса керек. Солтүстік Корея сөзінде тұрады. Әрі біздің беретін қарымта жауабымыз ол ойлағаннан әлдеқайда салмақты болады. Біз тек оған сақ болуды ескертеміз. Солтүстік Корея күллі Америка құрлығын зымырандармен атқылауға да дайын», – деген болатын.
Солтүстік Корея лауазымдысының бұл сөзін БҰҰ отырысындағы барлық елдің өкілдерімен бірге Құрама Штат өкілдері де тыңдап шықты. Бірақ, бұл сөздерге ешбір қарсы жауап айтылмады. Әлемдік қауымдастық Солтүстік Кореядан қазіргі ушыққан жағдайды оңауда сабырмен тыңдап, келісімдер арқылы қайшылықтарды шешуге үлес қосуын үміт етті. Алайда, Ри Йоң Хо қауымдастықтың бұл үмітін ақтамай шықты. Ол АҚШ президентін түрлі балағат сөздермен сыбады. Әлемдік қауымдастықтың кезекті отырысын тәртіпсіздік деп бағалады және «осының басты жауапкершілігі Трампта» деп көрсетті.
Трамп осыдан кейін де қаймығып қалған жоқ. Ол өзінің Твиттер парақшасына: «Мен жаңа ғана, оның БҰҰ отырысындағы сөзін тыңдап шықтым. Егер оның айтып отырғандарының бәрі шынымен де Ким Жоң Унның сөзі болса, онда олардың санаулы ғана күні қалды», - деп жазды.
Пентагон мәліметінде АҚШ әуе армиясының B-1 «мергендер» (Lancer) атты бомбалаушы ұшағы мен F-15C «Бүркіт» (Eagle) атты жойғыш ұшақтарын қамтыған 8 әскери ұшағының қатысқанын айтқан. Ал, Тынық мұхит қолбасшылық штабының командирі, F-15C алтауы Жапониядағы АҚШ-тың Kadena Air Base әскери базасынан ұшқанын, қажет жағдайда соққы жасауға толықтай дайын екенін айтқан.
Жапония Солтүстік Кореяның зымыран нысаналарының ішінде тұр. Қыркүйектің орта шенінде Солтүстік Кореяның зымыраны жапон кеңістігіне дейін көтерілген болатын. Одан бұрын да бір рет Солтүстік Кореяның зымырандарын Жапонияға бағытталған еді. Оңтүстік Кореяның штаб басшысы: «Шабуыл сынағы 3700 шақырымға жетті, демек Гуам аралдары да Солтүстік Кореяның қырғындау нысанасының ішінде деген сөз», - деген болжамын айтып еді.
БҰҰ-да Солтүстік Кореяның 7 өкілі отырды. Олар АҚШ-ты ғана емес, қауымдастықтың өзін де сынға алып: «АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытай қатарлы алты елдің ғана мүдделері көзделген, ал Солтүстік Кореяға әділетсіз қысымдар мен санкциялар жасалды», - деп шағымданды. Бұл уақытта АҚШ өкілдері олардың сөзін үнсіз тыңдап қана отырды. Көптеген елдің лауазымдылары мен өкілдері бұл теке-тірестің тым қауіпті екенін айтып ескертулер жасауда. Алайда, АҚШ пен Солтүстік Корея жанжалды соғысқа дейін алып баруға әзір тұрғанын аңғартты.
Әділет Ахметұлы