Солтүстік Кореяның ресми ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, КХДР ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун (Ким Чен Ын) шешім шығарып, Гуам аралына зымыран шабуылының зардабы бұдан бұрынғы зымыран сынақтарынан қатерлі деп қарап, шабуыл жобасын қабылдамаған. Алайда ол егер АҚШ тағы қауіп тудырса немесе артық қадамдарға барса шешімін өзгертетінін айтып, ескерту жасаған. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы хабарлайды.
Бүгін таңертең жария етілген бұл хабарлама Корей түбегі шиеленісін бір сәтке болса да жеңілдетті деуге болады. Өткен аптада Солтүстік Корея мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында сөз салысулар, «ауызша соғыстар» шиеленісті тіпті шырмай түскен болатын.
Ким Жоң Ун хабарлама жариялап, Гуам аралына шабуыл жобасынан бас тартты. Осы жасаған «кішілігі» үшін АҚШ-қа ескерту беріп: «АҚШ-тыңң КХДР-ға қаратқан арандатушылық пен сыңаржақты саясатын тізгіндеу жауапкершілігі бар. Бұдан кейін Солтүстік Кореяның ашу-ызасын тудыра бермеу керек», - деді. Ол тағы да: «Америка Құрама Штаттары Корей түбегі және оның маңындағы су алаптарына қатер төндіруін тізгіндеуі тиіс. Солтүстік Кореяның өзін өзі қорғауына кедергі жасамауы керек», – деді.
Ол сөзінің соңында: «Дегенмен біз Гуам аралына шабуыл жасау дайындығын тоқтатып тастамадық. АҚШ өзінің ниетінен жазбаса біз осы бір әсерлі тарихи сәт арқылы АҚШ-қа ауыр жұдырық сілтеп, Құрама Штаттың кеңірдегіне пышақ тірейтін боламыз», - деді.
Сонымен, Солтүстік Корея Гуам аралына шабуыл жасамайтын болды. Бұл шешімінің өтеуіне Ким Жоң Ун АҚШ-тың ашуына тиетін сөзді аяп қалған жоқ. Корей түбегі геосаяси шиеленісі уақытша болса қатерден алыстады. Бірақ бұл тұманның бір жола сейіліп кеткені емес. Солтүстік Кореяның бұл қадамына АҚШ қандай реакция қайтаратыны әлі беймәлім.