АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйледі. Ол сөзінде КХДР-ға ашық та қатаң ескерту жолдады. Егер АҚШ өзінің және одақтастарының қауіпсіздігін қорғауға тура келген жағдайда, Пиоңяң (Пхеньян) режиміне ауыр қысым жасауы мүмкін екенін де ашық айтты. Тіпті олай болған жағдайда Солтүстік Кореяның толығымен жойылып кетуі мүмкін екенін де ескертті. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы жазды.
Трамп әлем басшыларының алдында, АҚШ-тың зор күш-қуат пен шыдамдылыққа ие екенін айта келіп, алайда, егер өздерін немесе өзінің одақтастарын қорғауға тура келсе, Құрама Штатта ешқандай таңдау қалмайды – Солтүстік Кореяны жойып жібереді деді. Ол және Солтүстік Корея үкіметін «жексұрын үкімет» деп, ал Ким Жоң Унды (Ким Чен Ын/Kim Jong Un) «Зымыран адам» деп атаған. Бұл лақап аттарды ол алғаш рет өткен аптаның соңында өзінің Твиттер парақшасында айтқан болатын. Ол әлеуметтік желі парақшасында: «Зымыран адам» өзін-өзі орға итеруде, тіпті ол өзін ғана емес тұтас Солтүстік Корея режимінің тағдырын қиындатуда», – деген еді.
АҚШ президенті осыдан кейін Иранды да сөзбен түйреп әкетті. Ол Иранның режимін диктаторлық режим деп атады және Иранның АҚШ бастатқан алты жақпен 2015 жылы жасасқан ядролық қару туралы келісімін сынға алды. Трамптың айтуынша, Иранның ядролық келісімі Құрама Штаттар қол жеткізген ең нашар және әділетсіз келісімдердің бірі екен. Оның пікірінше, бұл келісім Америка Құрама Штаттары үшін ұят болып саналады және ол бұл туралы соңғы рет енді ауызға да алмайтынын айтты.
Делегаттар Трамптың сөзіне басқаша жауап берді. Ол өзінің «америкалық басымдық» ұстанымын сөз етті және оны егемен мемлекеттер арасындағы тәуелсіз, ынтымақтастық моделі деп атады. Американың жақын досы саналатын Израиль Трамптың Иранға қатысты ұстанымын жоғары бағалайтынын жеткізді. Измир премьер-министрі Трамптан кейін мәлімдеме жасағанда, 30 жылдан бері БҰҰ жиналысына қатысып келе жатса да, мұндай батыл да, анық позицияны алғаш рет кездестіріп отырғанын айтты.
Алайда, Трамп және Нетаньяхудың (Израиль премьері) Иранның 2015 жылғы ядролық келісімі туралы пікірлеріне өзге әлем басшылары келісім бермеді. Ал, кейбір делегаттарды Трамптың Солтүстік Кореяға қарсы айтқан сөздері алаңдатты.