Әлем геосаясаты абыр-сабыр күйде тұрғанда, әсіресе АҚШ-Ресей, Ресей-НАТО, Ресей-Еуропа, АҚШ-Солтүстік Корея, АҚШ-Иран араларында шиеленіскен қайшылықтар көбейіп, Батыс пен Шығыстың құлағы оқ дауысына түрулі тұрған сәтте, Ресей мен Беларусь бірлескен «Батыс-2017» атты зор көлемді әскери оқу-жаттығуын (бұдан былай ӘОЖ) өткізді. Бұған күллі Батыс жұртының алаңдаушылық білдіргені рас. Себебі, бұл жолы әлемдегі екінші ірі әскери держава өзінің әскери қуатын толық көрсетуге тырысты.
Батыс елдері неге «Батыс»-тан қорықты?
Ресей жақ бұл жолғы ӘОЖ-ны ашық-жария түрде өткізді. Демек, «Батыс-2017» Батыс елдерін үрейлендіргенімен сол елдердегі қорғаныс күштері үшін Ресейдің әскери қуатын нақты саралай алуына үлкен орай болды. Яғни, ресейлік қарулы күштердің қару-жарақ, өзге де озық соғыс құралдарындағы жаңалықтар мен өзгеде реформаларын анық бақылау мүмкіндігіне ие болды.
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, әскери қолбасшылық теорияға айрықша мән бере отырып, стратегиялық жаттығулар барысында жаңа үлгілер қалыптасып шығады әрі сыннан өтеді. Сондықтан да мұндай көлемді әскери оқу-жаттығулар тұтас армияның қаншалықты дайындықта екенін де анық көрсете алады.
Ресей тарабы бұл реткі әскери оқу-жаттығуға 13 мыңға таяу әскер қатысқанын алға тартқан еді. Алайда, Батыс сарапшылары жаттығудың салмағын саралай келе Ресей көрсеткен бұл мәліметке сене алмады. Олар жаттығуға қатысқан әскер саны бұл шамадан кемінде бір есеге көп болуы мүмкін деп қарайды.
«Батыс» әскери жаттығуы кезінде НАТО тарабы кірпік қақпастан аңдумен болды деуге болады. Ресей мен Беларусь әскери қуатын нақты бағамдау үшін олар спутник пен радарларының барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жаттығуды қадағалады. Соның нәтижесінде НАТО тарабы Ресейде болып жатқан әскери қуатты жаңарту бағдарламасының деңгейінен біршама мәлімет ала алды. Себебі, бұл әскери жаттығуға Кремль жақ жүзеге асырғалы отырған әскери қару-жарақты жаппай жаңарту және дамыту бағдарламасының ықпалы болмай қалмайды. Олар жаттығу алаңына жаңа соғыс құралдары мен техникаларын ала кіргені де белгілі.
Жалпы заманауи жабдықталған армия мекен мен орынды талдамастан, мақсатты орындауға қабілетті болмақ. Айталық, құрлық, әуе және суда да берілген міндетті операцияны орындай алады. Қазіргі кезде НАТО-ға мүше елдерден құралған армия осындай деңгейде деуге болады. Әскери сарапшылар бұл деңгейді әрқашан ең жоғары дайындық күйде тұратын, үйлесім тапқан, озық техникамен жабдықталған әрі керекті инфрақұрлымы толық болған әскери қуат деп түсіндіреді.
Барлық елдердің көзқарасында Ресей 2008 жылғы Грузиямен болған қақтығыстың жеңімпазы деп қаралады. Сол ретте Ресей қарулы күштері өзінің әлемнің алдынғы қатарлы әскери жетістіктерін паш етіп алды деуге болады. «Батыс» жаттығуын саралаушылардың бәрі де Ресейдің Сүрия мен Украинадағы қадамдарын бұл реткі жаттығумен қатар саралауға тырысып отыр. Себебі, осы үш ортадағы Ресейдің әскери әрекеттерін бақылау арқылы олардың қандай бағытта жаңа дамытулар жасағалы отырғанын білуге болады, деп қарайды әскери істер сарапшылары.
НАТО неге Ресейдің әскери қимылдарын көзден таса қалдырмайды?
Ресейдің әскери модернизациясы қай деңгейге келді? Маңыздысы Ресей жоспарлап отырған стратегиялық қорғанысты жаңартуға қаншалық қаржы кетуі мүмкін? Әрі бұл қаржыны Ресейдің қалтасы көтере ала ма? НАТО мен оған мүше елдердің аңдығаны осы сұрақтардың жауабы.
«Батыс» ӘОЖ өз мәресіне жетті. Ол туралы әртүрлі бағалар айтылып жатыр. Көп санды пікірлер Ресейдің 2030 жылға дейін жоспарлап отырған әскери модернизациясының жартысына жуығы жүзеге асқан деуге болады. Солай бола тұрса да, кейбір жақтарда Ресей армиясы өзінің бұрынғы қабілеттерін жоғалта бастаған. Айталық, Ресей армиясы қайтадан үлкен дивизияларды жасақтауға кіріскен. Бірақ, соның кейбіреулеріне адамдардың жетіспей жатқаны білінеді. Бірақ жалпылама жетістігі Ресей армиясында құралдандыру жаппай жүргізіліп жатқандықтан НАТО күштерімен болған техникалық көрсеткіш барған сайын қысқара түседі.
Ресей үшін өзі жоспарлағандай әскери жаңартуды толық қаржымен қамдау қиынға соғады. Батыс елдерімен боған теке-тірестер, АҚШ-пен болған қырғи-қабақ қарым-қатынас Кремльге көптеген санкциялардың салмағын салып отыр. Соңғы бес алты жылдан бері Ресейді шырмаған санкция оның экономикасын да тиісті дәрежеде төмендетті. Тап осы күйдегі Ресей тек ішкі қуаттың және базаның кеңдігінен ғана шыдастық беріп келеді. Сондай кездерде әлемнің екінші орынындағы армиясын толықтай жаңартып шығу қиынның қиыны.
Ресейге әскери қуатты жаңарту неге керек болды ?
Мейлі қалай болса да Кремль сол елдің қорғаныс қуатын еселей арттыруға білгір. Оған себеп те жетерлік. НАТО-ның іргесі кеңейген сайын, Ресей өзінің шекарасының қауіпсіздігінен алаңдаулы. Оған қоса АҚШ-тың әскери бюджетін ешбір ел қайталай алмайтындай деңгейге көтеруі, Ресейге алда болуы мүмкін қауіптің дабылын қақты. Әскери қаражаттың көлемі мен техниканың кемелдігі жағынан АҚШ-тікі Ресейден басым. Десе де, АҚШ-тың да кей жерде Ресейге жол беретін кездері бар. Әсіресе, зымыран қозғалтқыштары мен ғарыш саласында Ресейдің басым жақтары көп.
Кеңес одағы кезінде бірі коммунизмді, енді бірі демократияны жаппай әлемге насихаттап жарысқа түсті. Бұл бүгінгі Ресей мен Құрама Штат арасындағы бәсекенің басты себептерінің бірі. Қазірдің өзінде Орта, Таяу-Шығыстағы және өзге аймақтардағы жасалып жатқан ресейлік және америкалық қадамдардың бәрі де көбіне көп осы аталған екі елдің бәсекесінің сериалды жауаптары болып келеді. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін жаппай дамытылған АҚШ қорғаныс қуаты бұл күнде әлемнің алдында. Уашингтон Ресейден сақтана қарауын бір сәт тоқтатқан емес. Сондықтан, АҚШ шетелдегі әскери базаларының көбі дерлік Ресейдің жолын тосуға стратегиялық маңызды жерлерге орналастырылған. Ауғанстан соғысынан тартып, Украина дағдарысына дейін екі елдің жауаптасуы дәл осы стратегиялық басымдыққа қол жеткізу үшін деуге болады.