Бір қария өзі тапқыр, өзі шешен екен, бір жігітті сынап бірнеше сұрау сұрап, дұрыс жауабын мақтап, қатесін өзі шешіп беріпті.
– Адамгершілік дегеніміз не? – депті қария.
– Адамгершілік ақылды адамның асыл қасиеті, - депті жігіт. Сонда қария:
– Дұрыс балам, ал адамгершіліктің өзінің жеті қасиеті бар. Біріншісі, ақылдылық – адамгершіліктің алғашқы сатысы; екінші, сәлемдесу – адамгершіліктің бастамасы; үшінші, сыиласу – адамгершіліңтің ары мен нұры; төртінші, құрметтеу – адамгершіліктің қолдаушысы; бесінші, кішіпейілділік; алтыншы – ізеттілік; жетіншісі – мейірімділік. Соңғы үшеуі адамгершіліктің сенімді достары – деген екен.
– Ақылды адамның қанша панасы бар ? – депті қария.
– Ата, адамда үйден басқа пана жоқ, - депті жігіт.
– Жоға балам, елде үйің пана, үйде анаң пана. Есіңде болсын, үй анаға пана, ана балаға пана, панасыз адамның бағы жоқ. Ақылды адамның өмірде жеті панасы бар – баспана жақсы болса басыңа пана; сүйгенің жақсы болса үйіңе пана; ағайын жақсы болса көңілге пана; ұлың жақсы болса болашағыңа пана; дана жақсы болса елге пана; хан жақсы болса халыққа пана, - деген екен.
– Бала ашықса кім кінәлі ? – деп сұрайды тағы қария.
– Ата, бала ашықса анасы кінәлі,- депті жігіт.
– Жоқ, балам. Бала ашықса анаға қарайды, ана ашықса әкеге қарайды, әке ашықса кім-көрінгенге қарайды. Есіңде болсын, ақылды әке ананың қамын ойлайды, қарыны тоқ баланың қайғысы жоқ. Әкесі жоқ баланың қайғысы көп. Ақымақ әке өз баласының келешегін ойламайды. Әке жақсы болса ананың көңілі өседі, баланың ойы мен бойы қатар өседі. Өмірде бала ашықса әке кінәлі, баланы асырау әкеге парыз. Ашыққанға ақыл айтпа, қорыққанға қатты айтпа, - деген екен.
– Алдау ақымақтың ісі ме? – депті қария тағы жігіттің зердесін сынап.
– Ата, ақымақ қорықса алдайды, - депті жігіт жауап беріп.
– Дұрыс балам, ақымақтың алдауы көп, жақсылығы жоқ. Есіңде болсын, балам, өмірде ақымақ ұл ата-анасын алдайды, жетесіз шәкірт ұстазын алдайды, мейірімсіз жан ағайынын алдайды, сыиласпаған ағайын бірін-бірі алдайды, әкім алдаса ел тарығады, хан алдаса халық қайғырады, ақылың болса ата-анаңды алдама, жауыңды қолдама, дос алдаса өкінесің, жау алдаса егілесің, - деп сөзін сабақтаған екен қарт.
"Жеті қазына"
"The Qazaq Times"