Сайдулдун Тілеуберді, ветеринария ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының академигі.
– Академик, ел ағасы жасқа келген адам ретінде, қазіргі мемлекет жағдайы туралы тобықтай ой-түйін айта кетіңізші. Даму қандай, шынымен әлемге танылып үлгердік пе?
– Бұл әбден таптаурын болған сұрақ. «Тәуелсіздіккке жеттік» деп көсіле сөйлегім келмейді. Қазіргі жаһандану жағдайында тәуелсіздіктің мәні де, мағынасы да өзгерді. Ең бір алпауыт мемлекеттің өзі кейбір мәселелерде басқа елге тәуелді болуы мүмкін.
Біздің жағадайымызда тәуелсіздікті отаршылдықтан құтылу, мемлекеттігімізді қалыптастыру тұрғысынан қарастыру қажет. Отарсыздану отарлаушы ел Ресеймен қарым-қатынасқа саяды. Бұрынғы Ресейдің отары болған Финляндия, Польша Октябрь төңкерісінен бұрын еркіндікке жетті. Балтық бойындағы елдер бір рет босанып, қармаққа қайта түсіп, қазір отарсыздандыруды іске асырды, Украина мен Грузияда болып жатқан жағдайды көріп отырмыз. Біздің жағдайымыз олардан мүлде өзгеше. Геосаяси, демографиялық, экономикалық факторлардың әсерінен басқаша жол таңдауға мәжбүрлейді. Қазіргі ұстанымдарымыз қазақи «ұзын арқан, кең тұсаумен» отаршылдықтан әріптестікке көшуге тырысу. Бұл жол даңғыл бола ма бұрылыстары көп соқпақ бола ма, әлде «тар жол – тайғақ кешу ме», саяси талдаушы болмаған соң, дәл бағасын бере алмаймын. Азамат ретінде күдігім де, үмітім де бар. Тәуелсіздікті зерделесек экономикалық, экологиялық, қаржылық, ақпараттық, т.т. тұрғыдан қарастыруға тура келеді. Сондықтан тәуелсіздік жолындағы күрес пен ізденістер ешқашан тоқтамайды. Әр кезеңде өз ерекшеліктерімен жалғаса береді.
Мемлекеттігімізге келсек, аз шаруа атқарылған жоқ, айтарлықтай жетістіктеріміз бар. Ел іргесін бекітіп, шекарамызды айқындадық. Шет елдермен, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнаттық. Мемлекеттік басқару жүйесін құрдық. Бұлар авторитарлық билік арқылы іске асып жатыр. Қазіргі жағдайды қыр-сырын толық түсінбей «демократия» деп даурығудың еш қажеті жоқ. Әрине, биліктің халықпен санасуы, оның мұң-мұқтажына мұқият қарауы қажет. Маңызды мәселелерді у-шу шығармай, көшедегі тобырдың емес, алқалы топтың пікірталасы арқылы шешу қажет. «Келісіп пішкен тон келте болмайды». Мемлекеттік, жалпыхалықтық мәселелерді шешуде әртүрлі ұстанымдар қажет. Мысалы жерді, шекараны қорғауда радикал болып, өліспей-беріспейтін қайсарлық қажет. Ұлттық саясатта жалпақшешейліктен, жинақылық ұстаным, жалған көзбояушылықтан нақтылыққа көшу қажет. Қазақстанда 130 ұлт бар деп, өзімізді солардың бірі ретінде қарастыруымыз – оғаштық. Ол ұлттардың он шақтысы ғана демографиялық санатқа қосылуы мүмкін, мемлекеттік саясатқа ықпал ететіндей дәрежедегілері 4-5-еуі ғана болар. Бұны ғылыми-әлеуметтік талдау арқылы нақты анықтаған жөн.
Экономика, білім, ғылым саласында либералдық бағыт ұстанған жөн. Сол арқылы заманауи технологияны игеріп, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосыламыз. Менің өз басым еліміз 50 немесе 30 елдің қатарына кірдік дегенге онша сенбеймін. Ондай орынды нақты анықтайтын әдістеме де жоқ. Ал, енді өз мәселемізді шешіп, халықаралық істерде жол көрсеттік деу саясаттағы байсалды пікір ретінде қабылдануға тұрмайтын әңгіме. Журналистер мұндай ақпарат жариялап, ел басқарып отырған азаматтардың беделіне нұқсан келтіріп жүр.
– Жеріміз кең, байлығымыз бар дейміз. Бірақ, соның ішінде мал шаруашылығынан қалай игіліктеніп отырмыз?
– Жер байлығын, экономиканың дамуын сөз еткенде бұл салалардағы шешуші факторларды анықтауымыз керек. Ең алдымен экономика мен саясаттың ара қатынасы. Бұл екі фактор тығыз байланысты. Бірде саясат экономикалық мүддеге негізделсе, басқа жағдайда экономикалық мүдде саясатты қалыптастырады. Бірінсіз бірі жоқ. Екі алпауыт мемлекеттің ортасындамыз, олардың ұстанымдары сөз жоқ бізге ықпал жасайды. Одан басқа ислам, түрік дүниесі, Оңтүстік-Шығыс, алыстағы Америка, Жапония, т.б. елдердің мүдделерінің де әсері болады. Олардың кейбіреулеріне біздің энергиялық шикізат, металл, т.б. қазба байлықтарымыз қажет болса, кейбіреулеріне транспорттық дәліз, аэро-космостық, әскери-стратегиялық, т.б. тұрғыдан мүдделері болады, бізді өндірген өнімдерінің тұтынушысы ретіне қарастырады. Олардың әртүрлі одақтарына кіреміз, қайшылықтары мен ынтымақтастықтарын ескереміз. «Орыс әлемі» туын көтеріп отырған Ресей бұрыннан түркі әлемінің қарсыласы болып келген. Енді қазір исламофобия дүниежүзілік тренд болып, халқы басқа діндегі немесе діни либерал елдер өзара қайшылықтарына қарамастан «ислам терроризміне» қарсы тұру деген бүркеншік саясат арқылы бірлесіп, мұсылман әлеміне қарсы әрекетке кірісіп, тіпті қырғын соғыс жүргізіп жатыр. Осы бағыттың барлығының, бұл алапат-қыяпаттардың біздің елге қатысы бар. Оның үстіне Ресейге қарсы санкциялар да бізге салқынын тигізеді.
Ал, экономикалық жағдайымызға келсек, мұдай өтпелі кезеңнің қиыншылықтары орасан зор. Социализмге өткен кездегі коллективтендірудің зардаптары, ашаршылық, геноцид салдарынан құрып кетудің сәл-ақ алдында болғанымыз белгілі. Қазіргі тәуелсіздікті алғанымызда экономикалық-шаруашылық жүйе түбегейлі өзгерді. Әйтеуір, қолдағы малды бартер жасап, әйелдеріміз ала қаптарын көтеріп, ер-азаматтар арба сүйреп, халқымыздың шыдамдылығы мен төзімділігі арқылы өттік. Ауылдағы халқымыз үшін қалаларда орын босап, көшесінде көзін сүзсе де базарды біліп, сауда-саттықты игерді.
Бұл жағдайда бұрынғы колхоз-совхоз үшін қайғырып, статистикалық деректерді орынды-орынсыз көлденең тартудың ешбір қисыны жоқ. Қиыншылықтарды еңсердік, жаңа нарықтық, қаржылық-экономикалық жүйені, кәсіпкерлікті игердік. Жіберген қателіктеріміз бен кемшіліктеріміз де жетеді.
Сенің сұрағыңа қатысты мал шаруашылығын сөз етсек, оның мәселелері жерге (жайылым мен мал азығы), мал түлігі мен өндіріс бағыттары (ет, сүт, жұмыртқа, т.б,), өнімдерді өңдеу технологиясы мен саудалау, осындай жағдайлардан туындайды. Жер туралы айтып кеттім, оған иелік нағыз радикалдық ұстанымды қажет етеді. Ал жерді пайдалану, онда әртүрлі мал түліктерін өсіру жағында қазақпен теңесетін халық жоқ. Мұндағы дәстүрлі үрдістерді сақтап, керек жерінде замануи талаптарға сай жетістіктерді игеруіміз керек.
Экономикада басты бағыт ретінде мұнай өндіруді қабылдап, басқасын, оның ішінде мал өсіруді де, кейінге ысырғанымыз қателік еді. Мал шаруашылығы экономикаға өте тиімді сала болуымен қатар, халқымыздың негізгі тіршілік көзі.
Қазақстанда мал шаруашылығы бойынша кешенді инфраструктура, оның ішінде ғылыми-зерттеу орталықтары қалыптасқан. Мұндағы бір кемшілік КСРО-ның күйреуіне себеп болған цифрлы жоспарлау саясаты. Мысалы, бәленше мал санын, егіс алқабын, оның өнімділігін бір сиырдан осынша литрден сүт сауып, егіннен гектарынан осынша центнер астық алу керек деген межелер жүктелді. Нәтижесінде, көзбояушылық, сапаның санға айналуы қатарлы зиянды нормалар бүкіл жүйені тұйыққа тіреді. Бір сиырдан алынатын мыңдаған литрге жеткен сүттің нәрі жоқ. Қазақи сиырдың бір кесесі жанға қуат береді. Одан май ғана емес, құрт, ірімшік, сүзбе, т.б. даярланады. Сол сияқты тәулігіне килограммдап салмақ қосатын ірі қараның етінде қажет заттар жетімсіз. Сорпасы – майдың езінді көбігі болып шығады. Ең басты кемшілік жетілдірілген мал тұқымдары жергілікті табиғи жағдайға бейімсіз. Мысалы, қойдың жап-жақсы тұқымдары селекция арқылы алынып, етті-жүнді болғанның өзінде, тұяқтары босаң болып таулы-тастақты жерде жайыла алмайды. Жаз жайлауға шығарғанда немесе қыстық жайылымы бар қыстауға апарылса, машинамен тиеп түсіретін жағдайға жетті.
Қазір шетелден мал әкелу жаңа бір жетістік саналады. Әрине, кейбір себептермен, заманауи технология талаптарымен немесе генетикалық фактор ретінде мұндай қажеттілік болады. Әйтсе де негізгі бағыт ретінде ғасырлар бойы халықтық селекция негізінде, табиғатымызға бейімделген мал тұқымдарына басымдылық беру керек. Ондай малдың өнімдері (сүт, ет, т.б.) сандық жағынан төмен болғанымен, сапалық көрсеткіші арқылы бағалық құнынан ұтылмайды. Содан кейін біз қой-ешкіні саууды ұмытып кеттік. Аустралия қой сүтін батыс елдеріне экспорттап қомақты табыс табады. Мұндай сүтке сұраныс өзіміздің ішкі нарығымызда да, көрші елдерде де болары сөзсіз. Бізде төрт түлік малмен қатар балық, аң шаруашылығына да, бал арасын өндіруге де мүмкіндік зор.
Қазір жаз жайлауы, қыс қыстауы бар орасан зор таулы аймақтар игерілмей бос қалды. Онда мал өсіру шығындары өте төмен. Мал қысы-жазы өзі жайылады. Әртүрлі витаминдік, т.б. қосымшаларды қажет етпейді. Біздің ең бір шөлді қу тақыр аймақтарымыздың да берері мол. Ондағы өсімдіктер көзге жұтаң болып көрінгенімен, энергиялық қуаты бойынша жасыл аймақтардан кем болмайды. Су қоры бойынша да ешбір кемшілік жоқ. Қазақстан жерінің астында аса мол тұщы су теңізі тұр. Бұл су шөлді аймақтың өзінде де кейбір тұсында жер беткейіне жақын келеді. Білетін ескі көз қария мына жер құдық болады деп нұсқаса қателесе қоймайды. Қазіргі жер бұрғалау техникасы үшін ешбір қиындық та жоқ.
Мал шаруашылығында мемлекеттік қамқорлықты қажет ететін мал өнімдерін дайындау, өндірістік технология талаптарына сай өңдеу және ішкі-сыртқы нарыққа жол ашу, тым болмаса кедергілерді жою. Қалғанын халық өзі, жергілікті атқару органдары арқылы іске асыра алады. Бұл саланы алып кететін кәсіпкерлер табылары күмәнсіз.
– Өзіңіздің зерттеу нысаныңыз туралы айта кетсеңіз.
– Менің ғылым саласыындағы зерттеулерімнің негізгі бағыты иммунология, оның ішінде серология. Бұл салаға ветеринариялық мамандық және микробиология бойынша арнайы даярлықтан өтіп келдім.
Организм үшін бөгде заттардың, оның ішінде микробтың құрамды бөліктеріне қарсы қорғаныс ретінде антидене (орысша - антитело) шығарады. Серологиялық реакциялар арқылы антиген мен сол антигенге қарсы бағытталған антиденені анықтайды. Осы күнге дейінгі реакциялар антиген мен антидененің бірігуіне негізделсе, мен антиген-антидене қосындылары ары қарай тағы да әрекеттесетінін аштым. Бұған дейінгі реакцияларда бірінші деңгейде агрегациялану, ал оның жалғасын екінші деңгейдегі агрегациялану деп атадым. Бұрын антиген-антидене реакциясын айқындау үшін теңіз тышқанының (орысша – морская свинка) қанын (комплемент) пайдаланса, мен сиыр, т.б. малдардың қан сарысуын жарату әдісін таптым. Бұл реакцияларды ерекшеліктеріне қалай конглютиндеуші кешендерді байланыстыру реакциясы, иммундық кешендерді байланыстыру реакциясы, иммундық кешендерді агрегациялау реакциясы деп атап едім. Зерттеушілер қысқартып "Сайдүлдин реакциясы" деп менің атыма байланысты атап кетті. Бұл реакция антигенді де, антиденені де, олар организмде жеке емес, қосылыста болады, сол қосындысын да, олардың әрқайсысы да өзгеріске түседі, соның барлығын анықтап береді. Бұрынғы реакциялар өзгеріске ұшырамаған антигенді немесе антиденені ғана анықтайды. Жаңадан ұсынылған реакциялар серолыниялык зерттеулер мен диагноз қою әдістеріне жаңа мүмкіндіктер туғызды. Бұл компоненттерді даярлау технологиясын, стандарттау талаптарын да бір жүйеге келтірдік. Бұлар биотехниканың басқа да салаларына (вакцина жасау, емдік қан сарысуы мен глобулиндер даярлау) әсерін тигізді.
– Бруцеллез дертінен қазір халық зиян шегіп отыр. Тіпті шетелдерге де ет өнімдерімізде де экспорттай алмай отырмыз.
– Бруцеллез, біріншіден, бүкіл дүниежүзі бойынша аса қауіпті жұқпалы ауру болып есептеледі. Екіншіден, ол – зооноз, яғни адамға жұғады. Адамнан адамға жұқпайды мал мен мал өнімдері арқылы беріледі. Үшіншіден, энзоотия – белгілі бір территорияда тұрақтанған індет ошағын қалыптастырады.
Жануарларға келтіретін зиянын: іш тастау, бедеулік, жыныс ағзаларының зақымдануы, т.т. вакцина егу арқылы тоқтатуға болады. Бірақ, ауру дерті жасырын өтіп, жануар микроб алып жүретін қоздырушы микробтың бастауы болып қалады. Сондықтан, ауырған жануарларды жою қажет.
Біздегі бұл аурумен күресу жүйесіндегі негізгі кемшілік бір ферманы немесе шаруашылықты сауықтыруға бағытталған. Малдың ауырғандарын бөліп алып, тазалағанымен, індет ошағы сақталып, артынша ауру қайталанады. Өрттің бір шағын бөлігін сөндіргенмен, оттың қайта тұтанғанындай.
Біздің ұстанымымыз: бүкіл аймақты жаппай бақылауға алып, індет ошағын жою және тазалау. Қазақстанның барлық облыстарының, ауыл округтері мен елді мекендерін қалдырмай, деректерін жинап талдап, республика территориясын бруцеллездің індеттік ахуалына байланысты 4 зонаға бөлдік: індеттен таза, індеттің төменгі (А), орташа (В), жоғары (С) деңгейде таралуы. Әр зонада тиісті шаралар белгіленіп, таза зонада алдын алу, А зонаны тазарту, В зонаны А деңгейіне, С зонаны В деңгейіне жеткезу жоспарланды. Ауру малды анықтау ескі әдіс бойынша ай сайын қанын алып тексеру арқылы емес, жоғарыда біз ұсынған әдіс арқылы атқарылу көзделді. Барлық шаралар нақтыланып, нормативтік-техникалық құжаттар даярланып, қажет диагностикум препараттар өндіріске енгізіліп, мемлекеттік тексеруден өтіп, тіркеліп, құзырлы органдарда бекітілді. Бірақ, нақты қолданыс үшін қаржы бөлінгенде санатқа енбеді. Кейбір мамандар мен мал өсірушілер ғана өздері белсенділік танытып, бізден диагностикум алып жақсы нәтижеге жетіп жүр, бірақ жалпы аймақты қамтымаған соң, бұл нәтижелер уақытша болып қалады.
Сайып келгенде бұл шаруалардың бәріне білікті мамандармен үкімет етене бірлескенде ғана мал шаруашылығына қатысты мәселелерді шеше алады.
– Әңгімеңізге рахмет.