ҚР Энергетика министрлігінің экология және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласына қатысты кейбір функцияларын басқа тәуелсіз органға беру қажет. Мұндай пікірді Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының басшысы Арман Қашқынбеков айтты, деп хабарлайды LS.
Оның сөзінше, елде "жасыл" энегетика мен экономикаға қатысты тәуелсіз орган құрылу керек.
"Біз президент әкімшілігіне және үкіметке «жасыл» энергетика мен экономиканың тәуелсіз органын құру туралы ұсыныс жасадық. Себебі бізде экология мұнай және көмір өндірісімен бірге Энергетика министрлігінің құрамында тұр. Яғни "ауаны ластаушылар" экологтарға бұйрық беріп отырғандай көрінеді, мұндай жағдайда біз даму болады деп ойламаймыз", - деді ол.
Алайда ол EXPO-2017 көрмесі өткен соң "болашақ энергетикасына" жасалып жатқан талпыныстар тоқтап қала ма деп қорқады.
"Біз бұл жағдай болмас үшін басқа да экологиялық ұйымдармен келесі шараларды ұсынамыз. Ол алдымен субсидиялаудан дәстүрлі секторға біртіндеп өту, халықтың төлем қабілеттілігіне байланысты тарифтерді өсіру және халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдау", - дейді Қашқынбеков.
Сондай-ақ, қауымдастық басшысы "Қазақстанда ЖЭК-ті дамытуды қолға алу керек" дегенді айтады. Оның сөзінше, қазір елімізде ЖЭК үлесі 1 пайыздан да аз көрінеді. Ал оны дамыту үшін шаралар жасау, заңнамалық реформа жүргізу, қаржыландыру сынды проблемаларды шешу қажет екен.