2017 жылдың тамыз айында Қазақстан мұнайының орташа бағасы тоннасына 44 мың теңге болды. Осылайша жыл басынан бері отандық қара алтын 13,6%-ға қымбаттаған.
Статисткалық мәліметке сенсек, тамыз айында ең қымбат мұнай Қызылорда өңірінікі болған. Мұнда мұнайдың тоннасы 63,8 мың теңге шамасында тіркелген және шикізат бағасы жыл басынан бері 20,5%-ға қымбаттаған.
Ал Ақтөбе мұнайының бағасы тоннасына 50,5 мың теңгені құраған. Жыл басынан бергі өсім - 28,5%. Атыраудікі – 41,7 мың теңге (10,6% өсім), Маңғыстау мұнайының тоннасы - 40,4 мың теңге (13,4% өсім).
Сондай-ақ, шілде айында бензиннің тоннасы 129,7 мың теңгеге бағаланды және жыл басынан бері 4,5%-ға қымбаттаған. Дизель отынының бағасы 14,5%-ға жоғарылап, 126,8 мың теңгеге жетті.
Айта кетейік, еліміздің экономикасы мұнай нарығына тәуелді болғандықтан, шикізат бағасының арзандап немесе қымбаттауы маңызды. Себебі ел билігі әзірге экономиканы қуаттандыратын бұдан басқа салаға әлі бет бұра алмай отыр.