Кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Ұлттық банктің мүмкіндіктерін барынша кеңейте түсу керек екенін айтқан. Президенттің сөзінше, қазіргі кезде Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің қарыз алуына тыйым сала алатындай мүмкіндігі жоқ. Енді осыны қолға алу керек екен. Яғни Президенттің бұл сөзінен алдағы уақытта екінші деңгейлі банктерді тексеру одан сайын арта түсуі мүмкін екенін аңғаруға болады. Дегенмен соңғы кезде банк секторын сауықтыру шараларының қолға алынып жатқанын ескерсек, мемлекет басшысының бұдан бұрын айтқандары кешегі отырыста айтқан сөзіне қарама қайшы сияқты.
Мысалы кеше Президент екінші деңгейлі банктердің жағдайының нашарлауы олардың сауатсыз менеджментіне байланысты екенін айта келіп, депутаттардан банктер банкрот болып жатқанда, оларды құтқаруға қаржы құйып отырмаудың жолын қарастыруды сұрады.
"Банктер жұмыс істейді, істейді, енді жағдайы қиындағанда оларды мемлекет қаржыландыру керек пе? Мұны тоқтату керек. Мұндай банктерге қаржы салғанша жұмысын тоқтатып өз қолымызға алуымыз керек", - деген Президент.
Алайда ҚР Президенті бұдан бұрын, 2016 жылдың қараша айында америкалық Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында 2015 жылдан бастап тиімсіз басқару мен экономикалық дағдарыс әсерінен мерзімі өтіп кеткен қарызы көбейіп, капиталы азайған қаржы институттарының бірі Qazkom-ды "құтқаруға" уәде берген.
Осыдан соң Ұлттық банк Qazkom-ға қысқа уақытқа 400,8 миллиард теңге қарыз бергенін мәлімдеді. Сондай-ақ, бас банк Qazkom акционерлерімен капиталдандыру деңгейін арттыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын да хабарлаған болатын. Ал кейін аталған банкке Қазақстанның Халық Банкі қаржы құйды. Халық банк артықшылықты сатып алу құқығын жүзеге асыра отырып, Qazkom-ның жай акцияларының 96,81% үлесін немесе 185 млрд теңгеге 1 296 698 676 данасын сатып алды. Осылайша Qazkom-ның жағдайы біраз тұрақталды немесе "құтқарылды".
Тағы бір ескеретін жайт, банктерге қаржы бере беруді тоқтату керек екенін айтқан Президент осы жылдың наурызында банк секторын сауықтыру үшін Ұлттық қордан ақша бөлу туралы қаулыға қол қойған. Президент қаулысында "Ұлттық қордан банк секторын сауықтыру үшін республикалық бюджетке 2017 жылға 1 трлн 92 млрд 941 млн 288 мың 400 теңге бөлу" туралы айтылған еді.
Міне, екінші деңгейлі банктерге қатысты қабылданған осындай шараларға қарап, банк секторына қаржы бөле бермеу керектігі туралы тым кеш ойланғандаймыз. Дегенмен Президент айтса, мемлекет қаржысына сенім артқан, "Не де болса мемлекет асырайды" деген пікір қалыптастырған кейбір банктер айылын жиып, санға емес сапаға жұмыс істеуге кірісетін шығар деген сенімдеміз. Осыдан кейін "Экономиканы сақтап қалу үшін банктерді сауықтыру қажет" деген пікір жойылып, банктерге көмек көрсете беру де азаятын болар.